Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он сегізінші турында екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алғашқы кездесуде Петропавлда «Қызылжар» мен елордалық «Астана» шеберлік байқасты. Ойын барысында алаң иелері жинақы қимыл көрсетті. Олардың қатарынан Максим Драченко 3, Юрий Бушман 9-минуттарда мергендік танытты. Ал 51-минутта елордалық Исламбек Қуат есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін 68-минутта петропавлдық командадан Дарко Зорич қайтадан «Қызылжардың» басымдығын арттырды. Елордалық шабуылшы Абат Айымбетов 86-минутта гол соғып, командасына үміт сыйлаған еді.
Кездесуде «Қызылжар» қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл - «Астананың» қатарынан екінші жеңілісі.
Тағы бір кездесуде Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Ақтөбеден» 1:0 есебімен басым түсті. Кездесу тағдырын 68-минутта қарағандылық Жан-Әли Пайруз соққан жалғыз гол шешті.
Сондай-ақ, бүгін аталған турда Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдайды.
Қалған төрт ойын ертең, 28 маусымда өткізіледі. Бұл күні «Ақжайық» пен «Тараз», «Тобыл» мен «Қайрат», «Каспий» мен «Тұран», «Атырау» мен «Қайсар» жасыл алаңға шығады.