- Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қызметін бағалау үшін кадрлар ауыспалығы секілді индикаторды қосу керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгінде конкурстан тыс тағайындаулар 25 есе сирегенін байқап отырмыз. Бірінші басшыларды бағалау үшін белгілі бір өлшем бар. Осы ретте белгіленген шекті бұзу көрсеткіші азайғаны көрінуде. Дегенмен, орталық органдарда, сондай-ақ жергілікті жерлерде басшылар ауысқан орындарда кадрлардың да кететіндігін байқадық. Бұл тұрғыда түрлі себептер көрсетіледі, яғни өз еркімен жұмыстан кету, басқа қызметке ауысу және басқа да жағдайлар тіркеледі. Алайда, бұл мәселеде тереңде жатқан жасырын себептер бар екенін түсінеміз. Заңнамаға сәйкес, бізге тиісті арыз түскен кезде ғана агенттік осындай жағдайларға араласуға құқылы. Бірақ, ағымдағы жылы бұндай жағдай болған жоқ», - деді Қожамжаров депутаттың сауалына жауап беріп тұрып.
Оның сөзіне қарағанда, сондықтан да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қызметін бағалау туралы келісіміне кадрлар ауыспалығы секілді индикаторды қосу мәселесі қаралуда.
«Екіншіден, бізде осындай басшыларды жауапқа тарту бойынша әкімшілік заңнаманы қолдану тұрғысында өкілеттік бар. Жалпы, осы мәселемен жүйелі түрде айналысамыз»,-деп түйіндеді сөзін агенттік басшысы.