27 мам, 2024 сағат 18:23

Қостанайда краншының өліміне жұмыс беруші кінәлі деп танылды


Фото: БҚО әкімдігі


Сотта «NurCom Building» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс қаралды. Серіктестік басшысына «құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырды» деген айып тағылды.


Қайғылы оқиға 2023 жылдың 30 қарашасында сағат 13:00 шамасында болған.  



Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында кран машинисі жүк көтергіш кранмен бетон плиталарын көтере бастаған. Өкінішке қарай, арқанның ұзындығы дұрыс есепке алынбай, кран құлап, кабинада отырған 49 жастағы жүргізуші қайтыс болған еді.


Кейін жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін бұзуға жол берілгені анықталған болатын. Болған оқиғаға толығымен жұмыс беруші кінәлі екені дәлелденіп, ол өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеп берді.


Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны Қылмыстық кодекстің 63-бабын (шартты түрде соттау) қолдана отырып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады.


Нәтижесінде сот Қылмыстық кодекстің 44-бабына (Бас бостандығын шектеу) сәйкес, пробациялық бақылау орнату арқылы 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.