Әлеуметтік желіде екі ер адамның дәмхана қызметкерін балағаттап, оған қол көтерген видеосы тарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Тobolinfo.kz порталына сілтеме жасап.
20 шілде күні Қостанайдағы дәмханалардың бірінде ер адам мен бар даяшысы жанжалдасып қалған. Дәмхана қызметкеріне қол көтерген азаматтардың бокс жаттықтырушысы екені анықталды.
"Қостанай облысы бокс федерациясының бокс жаттықтырушылары Қуаныш Куликов пен Дәулет Танабаев дәмханадағы бар даяшысына қол көтерді. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды, дереу тергеу жүргізіп, лайықты жазалануын талап етеміз. Оқиғаның куәгерлерінен байланысқа шығуын сұраймыз. Мұндай жаттықтырушылар мен ұстаздар болашақ чемпиондарды, спортшы балаларды қалай тәрбиелейді? Зорлық-зомбылық пен агрессия жазасыз қалмауы керек. Бұл, әсіресе, басқаларға үлгі болатын адамдарға қатысты. Олар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге лайық па", – делінген жазбада.
Бейнежазбадан екі ер адамның бар даяшысын балағаттап, кейін оның жағасынан ұстап, қол көтергенін байқауға болады. Облыстың спорт басқармасы болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы облыстық бокс федерациясымен бірлесіп жұмыс тобын құрады. Бұл мәселе спорт жөніндегі кеңестің таяудағы отырысында қарастырылады", – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция департаментінің өкілдері аталған дерекке байланысты жанжалға қатысушыларды жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.