Еліміздің көшбасшы жастары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басым бағыттарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысындағы «Зерен» республикалық жастар білім лагерінің «Digital-ұрпақ» атты бірінші ауысымының жұмысы жалғасуда. Бүгін бірнеше бағыт бойынша тренингтер өткізілді. Оның ішінде еліміздің әр өңірінен келген көшбасшы жастар Қазақстан дамуының заманауи трендтерімен танысты.
«Мен Astana Hub-та бірінші кезекте дамытылып жатқан стартап жобасын алып жүрушімін. Жоба жетекшілеріне өнімді кескіндеу және дамыту бойынша діттеген мақсаттарына жетуіне, тиімді нәтиже алу үшін олардың жұмыстарын бағыттау және үйлестіруіне көмектесемін. Бұл білім беру лагері қатысушыларға «Зерде» холдингі арқылы жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасының негізгі басым бағыттарымен және Қазақстан дамуының қазіргі заманғы трендтерімен танысуға мүмкіндік береді», деп атап өтті «CRM Expert» компаниясының басшысы Асқар Түтіков.
Оның сөзінше, тренинг кезінде жастар цифрландыру қатысушысы ретінде және өзінің талантын дамыту жөнінде ақпарат алатын болады.
Еске сала кетейік, кеше Ақмола облысының «Зерен» сауықтыру орталығының базасында «Зерен» республикалық жастар білім лагерінің «Digital-ұрпақ» атты бірінші ауысымы ресми түрде ашылған болатын. Оған еліміздің әр өңірінен келген жастар ұйымдарының көшбасшылары, жас кәсіпкерлер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары құралған 300 жас қатысуда. Лагерь 12-26 тамыз аралығында 3 тақырыптық ауысымда өткізіледі.