2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
«Карантин мен мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірістерінің күрт қысқаруына алып келді. 2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта бюджет тұрақтылығы Ұлттық қордан трансферттер есебінен қамтамасыз етіліп отыр», - деді Мемлкет басшысы.
Қ.Тоқаевтың атап өтуінше, биыл Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.
«2021 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын трансферттер тек қана мақсатты сипатта болуы тиіс. Ол әлеуметтік проблемаларды шешу мен инфрақұрылымды дамытуға ғана бағытталуы мүмкін», - деді ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керектігін баса айтты.
«2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес», - деді ҚР Президенті.