Фото: gov.kz
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс отырысынан шыққан соң журналистердің сұрағына жауап беріп, ұлын әскерге жіберуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қазір оның жасы 20-да. Әзірге студент. Оқу орнын тәмамдаған соң, әскерге өзім қолынан жетектеп апарамын. Отан алдындағы борышын өтеу – оның қасиетті міндеті.
Ал қай бағытты таңдайтынын өзі көреді. Арнайы мамандандырылған бөлімшелер немесе барлау қызметіне бейімі бар секілді", - деді Жақсылықов Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс резервтегі қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қорғаныс министрлігі резервтегі қызметті 2025 жылы құруды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 2 мыңға жуық резервисті шақыру жоспарланған.
Резервистермен келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жиын 30 күн, сабақ ай сайын екі-үш күн болады. Резервтегі қызметке шақырылғандарға ай сайын ең төменгі жалақы, ал жиын кезінде орташа жалақы төленеді.
видео: halyquni.media / Instagram