09 қар, 2022 сағат 21:31

Көпен Әмірбек дүниеден озды


Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі сатирик, журналист Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында бақилық болды. Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Сейітман Facebook парақшасында хабарлады.

"Көңілдеріңізге көп рақмет. Көпен ағам бізді тастап кетті...", - деп жазды ол желіде.

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген.

Орта мектепті бітірген соң, Отырардағы халық театрында еңбек ете бастаған. Кейінірек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы тәмамдайды. Сондай-ақ, ол қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, әзіл-сықақ шығармалары "Правда" баспасынан шыққан "Надейся и жди", "Крохотные звезды" атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта жарияланған.

Ол саяси сатиралық "Ара-Шмель" журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық "Білім және еңбек" журналында жауапты хатшы, "Қазақ әдебиеті" газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, "Егемен Қазақстан" газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеген. 

Көпен Әмірбек "Қымызхана", "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ, өзі құрған "Көпен келе жатыр!..." атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған. Оның "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары бар.

Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған көрнекті қаламгердің мезгілсіз дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!