Ел дамуының діңгегіне айналған Ұлт жоспары – ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, өткір де ұтқыр идеяға құрылған кешенді іс. Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа ел арасында бірден қолдау тауып, жалпыхалықтық реформаға айналды. Бұл – Ұлт жоспарының көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенінің, қазақ елінің дамып келе жатқанының айғағы.
Елбасының реформалық бағдары мен оны орындау жолындағы тиянақты 100 қадамы – еліміздің өсіп-өркендеуінің ұлы жоспары. Әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында еліміз ширек ғасырдан астам кезеңде талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқысы бола білді. Солардың бірі жақын күндері басталатын «EXPO-2017» көрмесін өткізу Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуына жасалған үлкен қадам деп білеміз. EXPO секілді халықаралық көрмелерге қатысу – қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік. Оның үстіне, әлем алдында өзінің даму деңгейін іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – әрі құрмет, әрі үлкен жауапкершілік. Бұл – елдің де, сол елде тұратын қоғам мүшелерінің де бетбейнесін танытатын тарихи шара.
«Ұлт жоспарында» мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген ірі реформалар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, рухани салалардағы маңызды шаруалар жүзеге асырылды. Әлемдік сарапшылар Қазақстанның аз уақыттағы жетістіктерін елдегі тұрақтылықпен, этносаралық, конфессияаралық достықпен және толеранттылықпен байланыстырады, өйткені тұрақтылықты дамуының тұғыры етпеген елдің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қандай дін мен этномәдениетке жататынына қарамастан, барлық қазақстандықтардың жалпы ұлттық бірлігі мен келісімінің ерекше үлгісі қалыптасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезінің ашылуында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырға жуық тәуелсіздігімізде Қазақстанның рухани қайта өрлеу дәуірін бастан өткергендігіне дінбасылар мен саяси қайраткерлердің назарын аударып: «Елімізде жұмыс істейтін барлық діндердің паствалары – бір үлкен қазақстандық отбасының мүшелері. Біздің бәріміз бірлесіп, дүрдараздық пен ұрыс-керіске жол бермейтін жаңа ел құрудамыз», – деген болатын. Бүгінгі таңда елімізде 2017 жылы 5 сәуірдегі есеп бойынша елімізде 18 конфессияны құрайтын 3663 діни бірлестіктер тіркелген, оның ішінде басым көпшілігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты (2570) мешіттер болса, ал екінші орында – Қазақстанның Православиелік шіркеуінің (332) діни ғибадат орындары. Сонымен қатар елімізде 335 миссионер қызмет етеді.
Ендігі міндет – барлық конфессиялардың арасында қалыптасқан жарасымды достық пен өзара түсіністікке, келісім мен бірлікке, толеранттылыққа сызат түсіріп алмау.
Елімізді жаңартуға бағытталған Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» этникалық және діни айырмашылықтарына қарамастан, барлық қазақстандықтардың жарқын өмір сүруі ойластырылған. Сонымен қатар «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясында қаланған шешуші басымдықтарды жүзеге асырудың нақты жол нұсқаушы картасы іспетті. Оның үстіне Елбасы Н.Назарбаевтың жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы реформаны жүзеге асыруға тың күш-жігер бергені де ақиқат. Мақаланың әрбір тармағы, онда сөз болған келелі мәселелер көптің көкейінде жүрген күдікті сейілтті.
Енді бағытымыз – айқын, мақсатымыз – анық, тек кезең-кезеңімен жүзеге асыру мен нақты мақсаттарға қол жеткізу міндеті тұр. Елбасы бастаған, елі қоштаған ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін әр азамат интеллектуалды жігерлі болып, тікелей атсалысуы керек. Сонда ғана біз ел бірлігін одан әрі нығайтып, тәуелсіздігімізді мәңгілік етеміз.
Тұрар Әбуов,
ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкер