Мамырдың 3-і күні түске қарай Алматы қалалық әкімдігіне онға жуық көп балалы ана жиналып, “Бақытты отбасы” бағдарламасының талаптарына наразы екенін жеткізді. Олардың айтуынша, бұл бағдарлама бойынша баспана алудың негізгі талаптарының бірі – бір ай ішінде бастапқы нарықтан ең арзан үй тауып, ұсыну. Бұған дейін қаланың барлық аудандарын шарлағанын айтқан аналар "қысқа мерзім ішінде арзан үй таба алмадық" дейді.
"Барлық жерге бардық. Көп іздедік. Шынын айтсақ, маклер болып қалдық. "Ақкентке" барсақ, екі бөлмелі пәтерлер 17 миллион теңгеден басталады. Біздің бірден екі миллион теңгесін (бастапқы жарна - ред.) төлеуге шамамыз жетпейді. "Меркур Градтағы" үйлер 10 мамырда пайдалануға беріледі дейді. Ол жерде барлығы 38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер. "Ақниетте" де, барлық жерде сондай. Қаласаңыз, тізімін де көрсете алам" дейді шағымданған аналардың бірі Жансая Сопбекова.
Құжаттарын көрсеткен Сопбекова үй таңдау мерзімінің 8 мамырда аяқталатынын, одан кешіксе бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айрылатынын айтады.
Бұған қоса, аналар үйлердің қымбаттығына да шағымданды.
"Біз берген ақшаға тек бір-ақ бөлме келеді. Көп балалы отбасылар бір бөлмеге қалай сыяды?” дейді аналардың бірі.
Көп балалы аналар биліктен үй таңдау мерзімін ұзартуды, екінші дәрежелі тұрғын үй алуға да рұқсат беруді сұрап отыр.
Әкімдіктен шыққан аты-жөнін айтпаған қызметкер бірнеше ананың ғана басшылармен кездесе алатынын айтып, бірнеше әйелді ішке кіргізді. Қалған аналар және оқиғаны қамтуға келген ақпарат құралдарының өкілдері сыртта қалды.
Түстен кейін Алматы әкімдігінен шыққан өзін тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары ретінде таныстырған Айбек Сайдильдаев аналарға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша үй ала алмағандардың республикалық бағдарламаларға қатыса алатынын жеткізді. Оның айтуынша, республикалық деңгейде баспанамен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама әлі жарияланбаған. Бірақ ол туралы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 сәуір күнгі "Нұр Отан" съезінде айтқан. Үй таңдау мерзімін ұзарту туралы өтініш айтқан аналардың сұрағына жауап берген Сайдильдаев оны тағы "екі аптаға созуы мүмкін" екенін айтты.
"Көп балалы отбасыларды арзан баспанамен қамтамасыз етуді" көздейтін "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау наурыз айының ортасында басталған.
Алматы әкімдігінің дерегі бойынша, қалада 1250-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Бұған дейін билік өкілдері "бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды, 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз болады" деп мәлімдеген.
Нұргүл Тапаева, Азаттық