30 там, 2017 сағат 14:02

Конституция күнінде автошеру ұйымдастырылды

Конституция күнін атап өту барысында 100-ден астам автокөлік сап түзеп, Талдықорғанның басты көшелерімен жүріп өтті. Автошеру Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен жергілікті көлік құмарлар клубтарының ұйымдастыруымен өтті.

Шерудің басты мақсаттарының бірі – жолда қауіпсіздік ережелерін сақтауға үгіттеу болды. Жүргізушілер қала тұрғындарын Конституция күнімен құттықтап, жол-көлік қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, қаланың жас белсендісі Қайрат Абдрахманның айтуынша, мереке аясында ұйымдастырылған бұл шара барлық талдықорғандықтарды жолда жүру ережелерінің ең қарапайым ережелерін сақтауға шақырады. Оның себебі, бірер күннен кейін мектептерде оқу басталып, балалар үйлерінен білім беру мекемелеріне дейін бірнеше жолды қиып өтетін болады. Сондықтан да барлық көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді жол үстінде абай болуға үндеп жатқан көрінеді.

Негізгі мерекелік шара «Жастар» саябағында өтті. Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына алғашқы Заңдар жинағынан ҚР Конституциясының қабылданған уақытына дейінгі аралықты қамтитын сәттен театрландырылған қойылымдар көрсетілді.

Саябаққа жиналғандарды құттықтаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:

-  Біздің Ата заңымыз «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл сөздерден біз көпұлтты еліміздің басты құндылығы – халықтың бірлігі екендігін анық аңғарамыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде Конституция біз үшін ең бастысы таңдау құқығын, яғни өз өмірімізді өзіміз құруға толықтай мүмкіндік беретіндігін атап өткен болатын. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміздің тарихы мен бүгіні тікелей Тұңғыш Президентіміздің атымен байланысты. Оның саяси шешімдерінің арқасында Қазақстан қуаты бойынша әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан бас тартып, дамудың бейбіт жолын таңдады. Қазақстан бүгінде Орталық Азияның әлем мойындаған көшбасшысына және де жауапты шешімдер қабылданатын көптеген ірі халықаралық келіссөздер жүргізу алаңына айналды. Ал Конституциямыз мемлекетіміздің одан әрі экономикалық дамуы мен рухани жаңғыруына негіз болатындығы анық. Біздің бүгінгі күндегі басты мақсатымыз – еліміздің Басты Заңында көзделген барлық мүмкіндіктерін іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады, - деп атап өтті әкім орынбасары.

Шараның салтанатты бөлігі Сүйінбай атындағы облыстық филармония және «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамбілі әртістерінің орындауындағы концерттік бағдарламамен жалғасты. Орталық саябаққа жиналған азаматтар осы күні түрлі спорттық байқаулар мен жарыстарға қатысып, сый-сияпатқа ие болып жатты.