Қаһарлы құдірет
Ол соңғы 10 күн ішінде адамдардың зығырданын қайнатты. Әшейінде кешкі астан соң ыдыс-аяғын жумай үнді, түрік сериалдарын қарауға отыра кететін «ханымдардың» қолына бір шелек көмір мен шырпы ұстатып қойды. Көшеде желдің өтінде жүрсе де, капрон шұлық киетін қыздардың нәпсісін тәубесіне түсірді. Түнделетіп, көшенің бұрыш-бұрышынан тамақ қалдығын іздеп кететін иттерді күркеге тықты. Көше бойында таңғы, түскі, кешкі уақыттарда адам аяғы көп жүретін жерлерде отыратын байырғы мемлекеттік қызметкер, дәрігер, бухгалтер, музыкант болған жандардың түр-түрін жинап бір лашыққа тықты.
Ара-арасында қасқырдың не желдің даусы екені белгісіз терезелердің тығынынан анда-санда ән салып қояды. Бет қарыған ызғардан қалың беттер де ұялып, қызаратын болды. Үй тұрғындарынан ұялғандықтан дауылды күндері көппәтерлі тұрақжайлардың төбесі патырлауға көшті. Күндізгі тынық кезде үн-түнсіз мүлгіп тұрады да, қараңғы шымылдығын жаза сала қайта әніне салады. Арасында лирикалық, бірде рок, джаз, реп бағыттарында ән салу үшін аспаптарын сайлап, ұқсата алмасын байқаған соң тыныштала қояды. Жазды күні инесін қадап шағып алған арадай тұла бойыңды тітіркендіреді. Міне, саған жаз бойы мені аңсап едің деп, долы күшіне енеді. Қанша долы болса, табиғат пен құдайдың алдында өз әмірінің уақытша екендігін біле ме екен, әйтеуір, түскі сағат үш шамасында көңілденіп, жылы нұрын төгеді.
Әне, ол тағы да ашуына мінді. Аялдамаға таяу маңда ауыр сөмкесін арқалап, жеңіл күртемен жалаң бас кетіп бара жатқан бойжеткеннің нәзік саусақтарын қауқарынан айырып, көзінен жас ағызды.
Жасанды интеллект
Жас ізденуші тағы мінезін тиған. Алғашқыда үстел үстіне қара жұмыстан күс-күс болған қолын қоюға жасқанатын. Тіпті, кітап оқығанда сыртынан байдың әйелі добалдай қолдарын көріп қояды ма деп қысылатын. Әлгі үйдің өзінен 3 жас үлкен қызы мен анасының бір-біріне сыпайы сөйлейтініне таңданатын. Өзі секілді матростардың қылығы мен бай баласының дәрежесі жер мен көктей деп ойлайтын. Енді міне, арада бір жарым жыл өткенде ақсүйектер әулетінің сырттай білімді, өркениет көшінен қалмаған, ғылым-білімнің сан саласын жастайынан біліп өскен ақсаусақ жігітінің надандығына қайран қалып отыр. Ішінен «мыналардың университетке алған білім қайда кеткен? Осынша уақыт мына мендей матросқа қарағанда жоғары тап өкілі саналатын «заңқойлардың еркетотайлары жасанды интеллект» екен» деумен кең үйдегі ортадан жиіркеніп кетті.
Лашықтан шыққан ақылдылар
Өмірінде дәл өзіндей ойлайтын адамға жолығармын, тіл табысып, шер тарқатуға тұрарлық сәттерде көсіліп сөйлермін деп ойламаған. Жаңа танысы одан да басқа жаңашыл идеяларға басымдық беретін достарымен таныстырды. Қаланың кедейлермен жан-жақтан жиналған келімсектер мекен ететін шеткі аймағына баруға күннің екінші бөлігін арнады. Спенсердің көзқарастарын талқылады.
Бір таңғаларлығы, жаңа танысқан жолдастарының барлығы жоғары оқу орнын бітірмеген. Ешқандай дінді ұстанбайды. Бірақ, жаратушының барына тылсым күштің иіріп әкететініне сенеді. Кейбірі орта білімді де толық алмаған. Көпбалалы отбасында дүиеге келіп, 9-11 жасынан бастап теңізден нәпақасын тауып жүрген жастар. Әрқайсысының көзінде от пен алысқа жетелейтін үміт бар. Әлсіз жанған шырақты сөндіріп алмас үшін әр аптаның соңында өздерін болашақтың зиялы қауымы санайтын қара жұмысшылар тар бөлмеге жиналады. Таңға дейін сөз жарыстырудан, «ұйқыны демалысқа жіберуден» тайынбайды.
Көз камерасы
Жаңашылдық пен жасампаздықты ту еткен жастардың алдында ол өзін ақымақ көрсетті. Дегенмен, ақымақ болмады. Жай ғана ақымақ болып көрінгісі келді. Сөреде тұрған кітаптарды мысықша тіміскілеп, құпия қазынаның құлпын ашқандай аңтарылып жүрді. Дымын білдірмей бәсекелестерінің шамасын байқады. Өзімсінген адамдарға бөтенсімеді. Ауық-ауық қарсы алдындағылардың көзіне қарайды. Кім біледі, әрқайсысының ішінде бір періште, бір зұлым жатқан шығар деген оймен күдіктене көз тастайды. Көз камерасына қолайсыз ештеңе түсе қоймаған соң бұрыштағы пианиноны ермек етеді.
Қайтарымсыз еңбек
Соңғы күндері тығыз күн тәрбінен әбден титықтады. Жанары төңкеріліп, қызара қарайды. Түнгі ұйқыны шам жарығымен отырып қарайтын ескі қолжазбаларға айырбастаған. 4 сағат ұйықтаған аты болмаса, ешбір сериалдан кем емес шым-шытырық түстерді көріп шығады. Ашыған миы да әлсін-әлсін солқ ете қалғанымен шыдауға үйренген. Ол да бір күні текетіреске толы еңбек майданында жарылып кетуі мүмкін. Қызыліңірден үстелге салбыраған басы түн жарымына шейін бір көтерілмейді. Тура бір күнге қарап өсетін күнбағыс секілді. Ұйқы шақырып, сана мәңгіре бастағанда, қағаз бетін жаулап алған әріптер тым-тырақай қаша жөнеледі.
Шапағат СЕРДӘЛІ