06 там, 2021 сағат 01:13

Конференция кубогы: «Астана» тең түсіп, «Тобыл» жеңілді


UEFA Конференция лигасының үшінші іріктеу сатысында қазақстандық клубтардың қатысуымен өткен тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қостанайдың «Тобылы» елордада Словакияның «Жилина» командасын қабылдады. Бұл кездесу тартысты өрбіді. 

«Жилина» сапынан 27-минутта Мирослав Гоно есеп ашты. Дегенмен одан кейін қазақстандық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. 

Аталған клуб 1908 жылы құрылған. Өз елінде жеті мәрте чемпион атанды. Соңғы рет бұл атаққа 2017 жылы қол жеткізді. Былтыр күміс жүлдегер болды. 2010/11 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде ойын көрсетті. 

Кездесуде «Тобыл» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді. 

Тағы бір кездесуде елордалық «Астана» сырт алаңда Финляндияның КуПС клубымен шеберлік байқасты. Аталған кездесуде алаң иелері қатарынан Аньекпено Удо 54-минутта мергендік танытты. 

Ойынның 94-минутында елордалық клубтан Энео Битри таразы басын теңестіріп кетті.

Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. 

КуПС клубы 1923 жылы құрылған. Финляндияның алты дүркін чемпионы. Соңғы мәрте 2019 жылы алтыннан алқа тақты.

Қарымта кездесу 12 тамызға белгіленген.