Фото: depositphotos.com
Қонаевта кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген күдіктілер қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
"Аноним дереккөз мәліметінше, Қонаев қаласында екі полицей қызмет бабын пайдаланып, 14 жастағы мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен, сондай-ақ бұл әрекеттерін видеоға жазып алған (видеоны енді қызметкерлердің өздері таратып жүр).
Олардың бірі - кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, ал екіншісі ғимарат күзеті бойынша полиция қызметкері екені белгілі. Қазір екеуі де қамауға алынып, өткен күнмен жұмыстан босатылған", - делінген "Немолчи" қоры жазған деректе.
Ақпаратқа қатысты Алматы облыстық Полиция департаменті пікір білдірді.
Ведомствоның баспасөз қызметі айыпталушылардың шынымен де полиция қызметкері болғанын растады.
"Биыл 7 қарашада полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны бұрын белгісіз болған екі адамның кәмелетке толмаған қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызбен жүгінді. Сол күні ҚР ҚК-нің 120-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жеке басын анықтап, 2000 және 2001 жылы туған күдіктілерді ұстады. Тергеу нәтижелері бойынша олар қамауға алынды", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, жақын арада соталды тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық істің материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданады.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жарияланбайды.