30 қаң, 2025 сағат 15:35

Компьютерлік ойынға тәуелділік: ата-аналар мен мамандар дабыл қағуда

Фото: Pexels.com

Компьютерлік ойындарға тәуелділік пен лудомания – балалар мен жасөспірімдер арасында таралған, қоғамды алаңдатқан мәселелердің бірі. Экранның ар жағындағы миллиардтаған долларлық индустрия әрбір гаджет ұстаған баланы өзіне баурап әлек. Бала жай ғана ойын ойнап отыр дегенмен, бұл ертең үлкен сомадағы ақша салып ойнау індетіне апаратын алғашқы қадамдар екенін мамандар айтуда. Ойынға тәуелділікті болдырмау үшін ата-ана не істеуі керек және оны емдеу жолдары қандай? Ult.kz тілшісі анықтады.

Бала виртуал әлемнен жұбаныш іздейді

Қазақстан және Орталық Азия Отбасы институтының басшысы Эльмира Әлиеваның айтуынша, қазір таңда ойынға тәуелділік мәселесіне тап болғандардың нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр. Себебі мұндай мәселемен тіркелген адамдардың нақты саны туралы деректер жоқ. 


«Біз денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сүйене отырып, қазіргі таңда математикалық модельдеу арқылы ойынға тәуелділік мәселесіне тап болған балалардың, жастардың және ересектердің саны 36 000-нан астам адамды құрайды деп болжауға болатынын айта аламыз. Алайда, бұл көрсеткіш туризм министрлігі ұсынған деректерден ерекшеленеді. Соңғы болжам бойынша, бұл сан 450 000 адамға жетуі мүмкін. Мұндай айырмашылықтың басты себебі – бізде бұл мәселемен тіркелген адамдардың нақты ресми саны туралы деректердің болмауы. Белгілісі, 2024 жылдың шілдесіне дейін осы диагнозбен медициналық мекемелерде ресми түрде 19 адам емделген», - дейді ол. 


Алайда бұл сан мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсете алмайды дейді ол. Маман ойынға тәуелділікке көбіне ата-аналардың жұмысбастылығы, балаларға арнайы уақыт бөле алмауы сеп болып отырғанын айтады.

«Әрбір отбасы, әрбір ересек адам жұмыс күнінің көп бөлігін мансап, жұмыс және материалдық мәселелерді шешуге арнайды. Осыған байланысты өз балалары мен жақындарымен шынайы қарым-қатынасқа уақыт аз қалады. Бір жағынан, ересектердің өз балаларын және отбасын қауіпсіздік пен жайлылықпен қамтамасыз етуге тырысуы – үлкен қамқорлық. Бірақ эмоционалдық қолдау көрсетуге және баламен байланыс орнатуға уақыты жете бермейді. Соның салдарынан бала жалғыздыққа душар болып, өзін қажетсіз сезініп, виртуалды әлемнен жұбаныш іздейді», - дейді ол.


Адамдар рухани аш

Маманның сөзін Қазақстандағы ойынға тәуелділікпен жұмыс бағдарламасының жетекшісі Александр Рущук те қолдап отыр. Ол адамдардың не себепті ойынға тәуелді болатынын зерттеген.


«Бұл мәселенің негізгі себебі неде? Ойынға тәуелділік – адамның өміріне қанағаттанбауының салдары. Бұл жағдайда, біз бір саты төмен түсіп, оның неге қанағаттанбайтынын анықтауымыз керек. Бірінші себеп – қарым-қатынаста жақындықтың жетіспеуі. Ата-аналар көбіне «Мектепте бәрі жақсы ма?» деп сұрап, күнделікті тапсырмаларды орындауын ғана қадағалайды: «Сабағыңды орындадың ба?», «Қайда барамыз?» немесе «Кітаптарыңды салдың ба?» Бірақ біз бір-бірімізге шынайы қызығушылық білдіруді ұмыттық: «Қалайсың?», «Саған не болып жүр?», «Қандай уайымдарың бар?», «Не туралы армандайсың?», «Неден қиналып жүрсің?». Осындай жанашырлық қарым-қатынас жоғалғандай. Бұл – ең басты мәселе», - деп атап өтті маман.


Сондай-ақ ол ойынға тәуелділік адамның өз қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыра алмауынан туындауы мүмкін дейді.

«Екінші себеп – коммуникативтік дағдылардың, соның ішінде сыни ойлау қабілетінің жетіспеуі. Бұл дағдылар адамның қажеттіліктері мен тілектерін қанағаттандыруға көмектеседі. Бірақ оларға ұялу, қорқыныш, өзін кінәлау сезімдері кедергі жасайды. Менің клиенттерімнің 99%-ы өз қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды, нәтижесінде эмоциялары жинақталып, олармен күресу жолын білмейді. Сондықтан олар қандай да бір жол іздейді. Көп жағдайда бұл девианттық мінез-құлыққа немесе түрлі тәуелділіктерге әкеледі», - деп мәселенің неден пайда болатынына тоқталды.


Александр Рущук ойынға тәуелді адамның портретін қалыптастыру қиын дейді. Өйткені бұл індет ақыл-ойы толық қалыптаспаған жасөспірімнен бастап, бірнеше дипломы бар білікті маманды да арбауы мүмкін. 

Дофамин алу жеңілдеп кетті


Қазақ ұлттық медицина университетінің коммуникативтік дағдылар кафедрасының меңгерушісі Фатима Бағиарова қазірде дофамин, серотонин, адреналин сияқты қуаныш гормондарын гаджеттер арқылы алу қолжетімді болып тұрғанына тоқталды. Сондықтан да балаларға шынайы өмірден емес, виртуалды әлемнен қуаныш іздеу әлдеқайда оңай.

«Мысалы, дофамин біз ләззат алған кезде, марапатқа ие болғанда немесе бірдеңе жасағымыз келгенде бөлінеді. Бұл біздің өмірімізге қуаныш сыйлайтын тамаша нейромедиатор. Өкінішке орай, адам ойын ойнай бастағанда, ол үлкен мөлшерде дофамин алады. Виртуалды әлемнен оны алу әлдеқайда оңай болса, ол оны шынайы өмірден іздеп не үшін әуре болады? Егер ол жеңіліп қалса, қайтадан ойнап, тағы да дофамин алады. Сөйтіп тәуелділікке ұшырайды», - дейді ол.


Фатима Бағиарова ойынға тәуелділік мәселесін қазірде Спорт және туризм министрлігі айналысып жатқанын құптарлық іс деп атады. Себебі бүгінде адамға физикалық белсенділік өте қажет. 

«Адам күн сайын экран алдында отырғандықтан, ол жалқаулыққа ұрынып, қол-аяғын жұмыс істетуге ерінетін болады. Мұндай жағдайда баланы немесе жасөспірімді қимылға шақыру өте маңызды. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрліктері мультидисциплинарлық команда құрып, бұл мәселені бірге талқылап, тиімді шешімдерді табуы қажет», - деп ұсыныс білдірді.


Елде аддиктологтар жетіспейді

Мамандар ойынға тәуелділікті емдейтін арнайы реабилитациялық орталықтар жоғын айтады. Қазіргі кезде бұл мәселемен бетпе-бет келген әр ата-ана психологқа жүгінгенімен, тәуелділікті емдей алатын мамандар кемде-кем. 

«Егер біз жасөспірімдердегі ойынға тәуелділік пен олардың оңалтылуы туралы айтатын болсақ, өкінішке орай, мұндай оңалту орталықтары жоқ. Бізде көптеген жеке оңалту орталықтары бар, бірақ оларға заң бойынша жасөспірімдерді қабылдауға тыйым салынған. Ата-аналар психологтарға жүгінеді, бірақ әр психолог бұл мәселе бойынша көмектесе алмайды. Себебі, әр психолог тәуелділікпен жұмыс істей бермейді. Бұл арнайы дайындықтан өткен адам болуы керек, ол аддиктолог деп аталады. Аддикция – бұл тәуелділік. Өкінішке орай, бізде аддиктология бойынша университеттер жоқ. Жеке психотерапия жүргізуге болады, ата-аналармен және балалармен бірге жұмыс істеуге болады, менің істеп жүргенім де осы», - деді психотерапевт Александр Рущук.


Ал Фатима Бағитова ата-аналарға Психикалық саулық орталығына жүгінуге кеңес берді.

«Қазір клиникалық психология факультеттерінде аддиктология бойынша білім беру модулі бар. Бірақ енді-енді жүзеге асырылып жатыр. Азарттық ойындарға патологиялық құмарлықты емдеу бойынша клиникалық хаттама бар. Кез келген дәрігер, кез келген медициналық мекеменің психологы осы клиникалық хаттаманы пайдаланып, не істеу керектігін біледі. Қажет болған жағдайда науқас психиатрға жіберіледі немесе сәті түссе, аддиктологқа барады. Ол жерде психотерапиялық жұмыс жүргізіледі, көбінесе мінез-құлық психологиясына бағытталған әдістер мен медикаментозды емдеу қолданылады. Сондай-ақ Алматыда Психикалық саулық орталығы бар, онда жасөспірімдерге жақсы көмектеседі», - дейді ол.


Суреттер спикерлердің жеке архивінен алынды


Анара Бауыржанқызы