11 ақп, 2026 сағат 16:05

Көмірден бас тарту: Экология ма, экономика ма?

 

Фото: depositphotos.com


Алматыда газдандырылған аудандарда отын мен көмір жағуға тыйым салынады. Жаңа шектеулер 2026 жылғы 31 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап Алматы қаласының газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым енгізіледі. Бұл туралы Экология және қоршаған орта басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.

 

Шектеудің себебі

 

Жаңа шектеу 2025 жылғы 30 желтоқсанда мәслихат шешімімен бекітілген Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларында көрсетілген.


«Әңгіме қағидалардың 52-тармағы туралы болып отыр, ол тек қаланың газдандырылған аудандарына қатысты қолданылады. Құжатта газбен жабдықтауға қолжетімділік болған жағдайда жеке тұрғын үйлерде, моншаларда және көппәтерлі тұрғын үйлерді жылытуға арналған жекелеген қазандықтарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу көзделген», – деп хабарлады басқарма.


Сондай-ақ басқармада мегаполисте арнайы экологиялық талаптардың сақталуын бақылауды «Eco Almaty» ЖШС жүзеге асыратыны мәлімделді. Бұл – 100% мемлекеттік қатысуы бар ұйым, ол экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне және полицияға экологиялық нормалардың бұзылуын анықтауға көмектеседі. Бұл талаптар жылыту қазандықтарын пайдаланатын шаруашылық субъектілеріне де қолданылады. Шығарындылар көздері ластаушы заттарды тазарту қондырғыларымен міндетті түрде жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, арнайы техника, бензин және дизель генераторлары да экологиялық талаптарға сәйкес болуы қажет. 


Осылайша, шектеу тек моншаға ғана емес, газдандырылған аумақтарда орналасқан жеке тұрғын үйлерге де қатысты. Айта кетейік, қазіргі таңда Алматыдағы жеке сектордың газдандыру деңгейі шамамен 99,6%. 

 

Мәселе неде?

 

Көмірден бас тарту тек экологиялық шешім емес, әлеуметтік-экономикалық мәселе де. Бір жағынан, көмір салыстырмалы түрде арзан отын. Екінші жағынан, оның экологиялық зияны орасан:

 

ауадағы ұсақ бөлшектер (PM2.5) деңгейін арттырады; 
тыныс жолы ауруларын көбейтеді;
қыс мезгіліндегі смогтың негізгі себептерінің біріне айналады.


 

Алматының географиялық орналасуы тау бөктеріндегі ойпат түтіннің жиналуына қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан көмірді азайту бұл қала үшін жай ғана тренд емес, қажеттілік. Дегенмен бір ғана жеке сектордағы көмірді тоқтату мәселені толық шешпейді. Қаладағы жылу электр орталықтарын жаңғырту, көлік эмиссиясын азайту, жасыл аймақтарды көбейту барлығы кешенді саясатты талап етеді.

 

2025–2026 жылдар аралығындағы шешімдер сол кешенді өзгерістің бір бөлігі ғана.

 

 

Қазақстанның көмір өндірісі

 

Қазақстанның ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігіндегі ең ірі көмір өндіру орталықтарының бірі – Екібастұз көмір алабы. Оның өндірістік қуаты, энергетикалық әлеуеті және стратегиялық маңызы ел экономикасының негізгі тіректерінің қатарында тұр. Қазіргі таңда Екібастұз Қазақстандағы көмір өндірісінің жетекші үлесін иеленіп отыр. «Bogatyr Komir» компаниясы елдегі жалпы көмір өндірісінің шамамен 38 пайызын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 42 млн тоннаға жетіп, биылғы жоспар бойынша 45,2 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. Ал 2032 жылға қарай бұл көрсеткіш 56,5 млн тоннаға дейін өседі деп болжануда.

 

Бұл сандар жай статистика емес. Ол Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығы мен өнеркәсіптік дамуының нақты көрсеткіші. Көмір өндірісінің мұндай көлемі электр энергиясын тұрақты өндіруге, ірі өндіріс ошақтарын үздіксіз қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді. Көмір өндірісі экологиялық тәуекелдермен қатар жүретіні белгілі. Сондықтан соңғы жылдары Екібастұз өңірінде қоршаған ортаға әсерді азайту шаралары күшейтілді. Мониторинг деректеріне сәйкес, қаладағы ауа сапасының белгілі бір деңгейде жақсаруы тіркелген.  Бұл – өндіріс пен экологиялық бақылаудың теңгерімін сақтауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі. Дегенмен көмір энергетикасы жағдайында экологиялық жауапкершілік мәселесі әрдайым күн тәртібінде қала бермек.

 

Екібастұз көмір алабының болашағы тек шикізат өндіру көлемімен өлшенбейді. Ол – энергетикалық инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғырту стратегиясымен тығыз байланысты.


 

Біріншіден, GRES-2 электр стансасының қуатын 1 ГВт-тан 2,1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарланған. Үшінші және төртінші энергоблоктардың құрылысы 2028–2030 жылдарға межеленіп отыр. Бұл қадам елдегі электр қуаты тапшылығын азайтуға бағытталған.
Екіншіден, қуаты 1 200 МВт болатын Ekibastuz GRES-3 жаңа стансасының жобасы әзірленуде. Бұл нысан экономиканың ұзақ мерзімді дамуына қажетті тұрақты қуат көзін қамтамасыз етуге тиіс.
Үшіншіден, көмір энергетикасын дамыту жөніндегі бірқатар жобалар «ұлттық жоба» мәртебесіне ұсынылып, 7,6 ГВт-қа дейін қосымша қуат көздерін іске қосу көзделуде. Мұнда басты назар «таза көмір» технологияларын енгізуге және экологиялық стандарттарды сақтауға аударылмақ.


Ақбота Мұсабекқызы