08 қыр, 2016 сағат 13:36

"Командир такси" өкілдері Баян Есентаеваны ұрып-соғу кезінде жүргізушінің әрекетіне түсінік берді

"Командир такси" компаниясының өкілдері Баян Есентаеваны ұрып-соғу ісіне қатысты тергеу жұмыстарына қатысып жатыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі компания өкілдеріне сілтеме жасап.

"Иә, біз бұл жағдай туралы білеміз. Мен өзім Баянды білемін, сыйлаймын, оны бойындағы қасиеттері үшін құрметтеймін. Баянның тез жазылып кетуіне тілектеспін. Оның бұл жағдайдан шығып, әрі қарай да сыйлы адам болып өмір сүруін тілеймін. Мен қауіпсіздік қызметіндегілерге және басқа да қызметкерлерге ІІД өкілдеріне жауап берулерін айттым. Біз барлық құжатты тапсырдық, осы оқиғадан кейінгі көліктің жасаған барлық қозғалысын көрсеттік. Такси жүргізушісі жайлы айтатын болсақ, заңнамаға сәйкес, шабуыл жасалған кезде жүргізуші қауіпсіздік ережелерін сақтады. Осы оқиғаға қатысты ақпараттың барлығын ІІД баспасөз қызметіндегілер айта алады. Істің мән-жайын білу үшін сонда хабарласыңыздар", - деді "Командир такси" компаниясының негізін қалаған Максим Сәрсенов.

Еске салайық, Баян Есентаева 10 маусымда ауыр жағдайда Талғардағы ауруханаға түскен болатын. Тергеудің мәліметінше, оны күйеуі Бақытбек Есентаев аяусыз ұрып соғып, бірнеше рет пышақтаған. Бұл оқиға Еңбекші ауылының маңында Құлжа тас жолында болған. 

Ер адам ұсталып, Талғар аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Кейін ІІБ өкілдері медициналық куәландыру қорытындысы бойынша Бақытбек Есентаевтың мас болғанын айтты. Ол өз кінәсін мойындап отыр екен. Іс "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеліп жатыр. Есентаева ауруханада 10 күн болды, бірақ үйіне шыққаннан кейін де амбулатор тәртібінде ем алды. Жақында Бақытбек Есентаевтың соты өтетін күн белгіленді.

Ал кейін Баян Есентаева жұртты дүрліктірген оқиғадан кейін бірінші рет сұхбат берді.