Фото: Pexels.com
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне қатысты ақпараттарды біріктіретін цифрлық карта әзірлеуде. Интерактивті платформа колледждер туралы кешенді әрі өзекті мәліметтерді бір жерге жинақтап, ыңғайлы форматта ұсынады, деп хабарлайды Ult.kz.
Карта арқылы кез келген пайдаланушы өзіне қажетті өңірді таңдап, сол аймақтағы колледждердің, студенттер мен оқытушылардың саны, жатақханалар мен спорт залдары секілді инфрақұрылым, сондай-ақ даярлық бағыттары мен оқытылатын мамандықтар жөнінде мәлімет ала алады. Жүйе облыс, аудан, колледж және нақты білім беру бағдарламасы деңгейінде ақпаратты икемді сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтың айтуынша, қазір мұндай деректер тек жекелеген платформалар мен жергілікті атқарушы органдардың сайттарында шашыраңқы күйде беріліп отыр. Ал жаңа карта бұл ақпаратты біріктіріп, уәкілетті органдар үшін де, оқуға түсуге ниетті талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін де пайдалы құралға айналады.
Қазіргі уақытта карта сайтта орналастырылған және 2025 жылдың шілде айында оны пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. Жүйе «Talap» КЕАҚ ресми сайтында және map.talap.edu.kz/map мекенжайы бойынша қолжетімді.
