13 ақп, 2026 сағат 12:19

Көлікке байлап сүйреткен: Алматыда итке қатыгездік жағдайы тіркелді (ВИДЕО)


Фото: chatgpt генерациясы
Алматы қаласындағы Алатау кентінде жануарға қатыгездік көрсетуге байланысты резонансты оқиға болды – итті көлікке байлап, жол бойымен сүйретіп кеткен, деп хабарлайды inAlmaty.kz-ке сілтеме жасап Ult.kz.

Бұл туралы жергілікті тұрғындар мәлімдеді.

Оқиғаның куәгері Екатеринаның айтуынша, жағдай «Радуга» шағынауданы жағынан «Алма» саяжайлары бағытына қарай апаратын жолда болған. Алда келе жатқан Suzuki маркалы автокөлікке ит шынжырмен байланған. Оның артынан жануардың иесі отырған Chery маркалы көлік жүрген. Куәгерлердің айтуынша, ол болып жатқан жағдайды көргенімен, көлікті тоқтатпаған.

Жағдайды алғаш болып жергілікті тұрғын әйел байқап қалған. Ол көліктерді қуып жетіп, Suzuki көлігінің алдын кесіп, жүргізушіні тоқтауға мәжбүрлеген. Осыдан кейін полиция қызметкерлерін шақырған.

Оқиға орнына құқық қорғау органдары келіп, фактіні тіркеді және арыз қабылданды. Ит тексеру және ықтимал жарақаттарды анықтау үшін ветеринарлық клиникаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жануар мамандардың бақылауында болады, иелеріне қайтарылмайды.

Материалдар қалалық полиция басқармасына жолданды. Оқиға туралы тиісті қызметтер мен әкімдікке де хабар берілген. Ит тірі және қауіпсіз жерде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін, көлік иесінің жеке басы анықталғанын хабарлады.

«Ол жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп атап өтті ведомство.

Полиция департаменті жануарларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген фактісі белгіленген тәртіппен тіркеліп, тексерілетінін еске салды.