Фото: depositphotos.com
Көлік жуу орындары үшін су тарифі еселеп көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қазақстанда жалпы су ресурстары көлемінің не бәрі 1,3 пайызы ғана ауыз суға пайдаланылады. Яғни, бұл 1,3 шаршы шақырым су деген сөз. Сараптама жасаған кезімізде шамамен 200 млн шаршы шақырым суды техникалық қызмет көрсету стансаларының автокөліктерді жууға шығындайтындығын анықтадық», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, ауыз суды басқа қажеттілікке пайдаланатындарға тариф көтерілетін болады.
«Қазіргі уақытта біз Су кодексінде қандай да бір аралық норма қарастырғымыз келеді. Әзірше нақтылаған жоқпыз, талқылап жатырмыз. Техникалық қызмет көрсету стансаларында ауыз суды пайдаланатын кәсіпкерлер белгілі бір уақыт аралығында автомобиль жууға қолданған суды тазалайтын жабдық орнатуы тиіс. Яғни, суды қайтадан пайдалануы қажет. Екінші мәселе – тариф бойынша шешеміз. Демек, ауыз суды басқа қажеттілікке пайдаланатындарға тариф әлдеқайда жоғары болады», - деді Нұржан Нұржігітов.