Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жол жүру ережесін үйрету жұмыстары мектеп қабырғасынан басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, осы шаралардың арқасында еліміздегі жол-көлік апаттарының санын азайтуға болады, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Бүгінде балалардың жолда жарақат алу деңгейі азаймай отыр. Осыған байланысты алғашқы әскери дайындық оқу бағдарламасына, яғни НВП-ға көлік жүргізу, сонымен қатар жол қауіпсіздігі ережелерін оқытуды енгізетін боламыз. Осының нәтижесінде мектеп бітіретін балаларға көлік жүргізу курсын бітіргені туралы куәлік беріледі. Осылайша, 18 жасқа келген бала көлік жүргізу куәлігін ала алады», - дейді Е.Сағадиев.
Министрдің айтуынша, бүгінде алғашқы әскери дайындықтан сабақ беретін мұғалімдерді қайта даярлау курстарынан өткізу көзделіп отыр. Оған қажетті қаражат бар. Ал осы саладағы жұмысты келесі жылы бітіндеп бастау жоспарланған.