ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова журналистердің алдына шығып, зейнетақы төлемдерін аудару тәртібін түсіндірді. Бұған дейін ол әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шыққан болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталған мәселе менің құзіретіме жатады. Өзім еңбек демалысында болдым. Сенбі күні бірден байланысқа шыға алмадым. Сондықтан жексенбі күні Фэйсбук арқылы түсініктеме беруге тырыстым», - деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, заң жобасы былтырдан бері әзірленді. Тәртіп бойынша қоғамдық талқылауға да салынды. Оған кәсіпкерлер, сарапшылар мен құзіретті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Парламент депутаттары да қарады.
«Негізі, «азаматтық-құқықтық келісімшарттар» деп алғанда, біз жұмыстар мен қызметтерді толығымен қамтуды көздедік. Сол себепті дәл сондай анықтаманы алдық. Мәселен, ақылы қызмет көрсету келісімшарты бар. Тасымал саласында қызмет көрсету, консалтингтік және маркетингтік қызметтер және тағы басқа келісімшарттар болады. Ондай келісімшарттардың саны 30-дан асады. Біз оның бәрін «азаматтық-құқықтық келісімшарттар» деп алдық. Ал зейнетақы жарнасын ұстау тәртібі мен мерзімі Үкімет қаулысымен реттеледі. Аталған мәселе заңда да көрсетілген. Сондықтан заңда келісімшарттардың нақты атауларын тәптіштеп жазудың қажеті жоқ», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.
Осы орайда вице-министр негізсіз дәлелдерге сенбеуге кеңес берді.
"Қазір әлеуметтік желілерді қарасам, "көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасын ұстайды" деп жазып жатыр. Олай емес. Ондай табыстан зейнетақы жарналары ұсталмайды. Сіздер жұмыс жасау, я болмаса, қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана зейнетақы жарнасы ұсталады. Өкінішке қарай, қазір жұмыс берушілер ондай келісімшарттарды жасайды да, зейнетақы жарналарын төлемей жүреді. Жұмысшылар болса, оны талап етпейді" , - деді С.Жақыпова.
Айта кетейік, бұған дейін Светлана Қабыкенқызы әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шыққан болатын.
«Барлық зейнетақы аударымдары азаматтардың тапқан табыстарынан ғана төленеді. Мәселен, кәсіпорын жұмысшылары үшін тапқан табысы оның жалақысы, жеке кәсіпкер үшін - бұл тікелей кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс, жеке нотариустар үшін - бұл олар көрсеткен қызметтен түскен табыс саналады. Ал өтемақылы шарт (азаматтық-құқықтық шарт деп аталады) негізінде заңды немесе жеке тұлға үшін жұмыстардың немесе қызметтердің белгілі бір түрін орындайтын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарнасы аталған жұмыстарды немесе қызметтерді (жеке мүлкін сатудан емес) орындау нәтижесінде алынатын кірістер төленеді», - деп жазды вице-министр Фейсбуктегі парақшасында.