15 мам, 2019 сағат 09:18

Көлемді деректер мен жасанды интеллектің болашағын анықтайтын 8 фактор

 

Жасанды интеллект пен машинамен оқыту және онымен үйлескен деректер мөлшерінің күнделікті өсуі әлеуметтік орта мен сауда жасау салтын өзгертеді. IT саласының жетекші мамандары бұған қатысты туындайтын мәселелер мен сауалдарды үнемі өз назарында ұстауы қажет.

«Reilly» компаниясының Лондонда өткізген «Strata Data»  конференциясы үлкен көлемді деректер, машинамен оқыту және жасанды интеллект қандай бағытта дамитынына бағдар сілтеді. Соңғы бес жылда бұл салалар қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар мен бағдарламалық жасақтамалар кәсіпорындар мен мекемелердегі деректермен жұмыс істеу әдісін түбегейлі өзгертті.

«Strata» конференциясы үлкен көлемді деректерді игеру үрдісінің даму жолдарын және бағдарламалық жасақтама шығарушылары мен тұтынушыларына қатысты туындаған мәселелерді айқындатын шара. Осы басқосудан кейін мынадай сегіз тұжырым жасауға болады.

1. 5G байланысы метабағдарламалардың дамуына серпін беріп, жаңа бағдарламалық жасақтамалар және қызмет берудің жаңа түрлерінің шығуына әкеледі.

Бұл туралы конференция ұйымдастырушысы және «Reilly» компаниясының бас ғылыми қызметкері Бен Лориканы әңгімеге тартып көрдік. Ол негізгі фактор ретінде 5G байланысының икемділігін және өткізу қабілетінің артуын атайды. Бұл технологияда әлем бойынша Қытай көш бастап келеді, дегенмен көптеген фирмалар да осы салаға инвестиция құйып, бұған сәйкес өз бизнес модельдерін құруға бар күшін жұмылдырып жатыр.

2. Деректермен істейтін мамандардың жұмыс дағдысы өзгереді.

«Google Cloud» компаниясы ғылыми бөлімінің жетекшісі Кэсси Козырьковтың пікірінше, пайдаланушылар интерфейсінің құралдары жетіле берген сайын мамандардың да жұмысы жеңілдейді. Оларға техникалық білімнен гөрі түрлі дерекқорлармен жұмыс істеп, оны өз кәсібінде қолдану қабілеті қажет болады. 

3. Онлайн және оффлайн дүниелердің үйлесімі.

Ғаламторда электронды саудамен айналысатын «Alibaba» және «Amazon» тәжірибе ретінде офлайн дүкендерін аша бастады. Ал қыш пен құрғақ ерітінді қоспаларын сатып жүрген дүкендер онлайн-саудаға біртіндеп бейімделіп келеді. Интернет алпауыттарының бұл қадамын «шабуылға шығуы» деп санасақ, дәстүрлі саудагерлердің онлайн-инвестициялары қорғану амалы секілді көрінеді.  Бұл жоспарларын толық жүзеге асыруына дейін әлі біраз уақыт кетеді. Алайда үлкен көлемді деректер игеруде жинақтаған мол тәжірибес «Amazon» мен «Alibaba» секілді компанияларға үлкен артықшылық беріп отыр.  

4. Өсу мен инновациялар үшін ішкі деректер платформалары қажет болады.

Конференция барысында «Lyft» және «BMW» компанияларының мамандары қызықты таныстырылым жасады. Олар деректер платформалары негізінде жаңа өнімдер шығарып, инновацияларды ынталандыратын бизнес-процесстерін қалай басқаруға болатынын көрсетті.  Әрине цифрлы салаға маманданған «Lyft» компаниясы үшін бұл әдеттегі іс болуы мүмкін. Бірақ дәстүрлі өнеркәсіптегі компаниялар да өз өнімдеріне деректермен жұмыс істейтін құрылғыны ендірген кезде, онымен толыққанды айналысуына тура келеді.

5. Ашық деректер мен бастапқы коды ашық бағдарламалық жасақтаманың маңызын дұрыс бағалау қажет. 

Бастапқы коды ашық бағдарламалық жасақтама көптеген үлкен көлемді дерекқорлар және метабағдарламалық өнімдер мен қызмет түрлерінің шығуына серпін сыйлады. Ашық кодтың экономикалық және техникалық тиімділігі осыдан бірнеше жыл бұрын дәлелденді. Алайда инновациялар үшін ашық деректердің маңыздылығына аз көңіл бөлінеді. Ал алгоритмдер сапалы деректерді өңдегенде ғана жақсы нәтиже береді.   

«OpenCorporates» – әлемдік компаниялардың ең ірі ашық дерекқоры. Оның негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Крис Таггарт «біреудің меншігіндегі дерекқорларға сүйенетін компаниялар» мәселесін қозғады.  Бұл жағдайда деректер байланыссыз әрі үзік-үзік болуы мүмкін.  Оған қарағанда ашық дерекқорлар айқын және фирмаларға ауыр тиетін қымбат келісім-шарттармен қол байламайды.

6. Шынайы уақытта дерек жинау мен оны игерудің маңызы.

Жасанды интеллект және метабағдарламалар жобаларында көбіне шынайы уақытта дерек жинау аса қажет емес. Бірақ шынайы уақытта деректерді игеру қабілеті бәсекелестікте елеулі артықшылық беруі мүмкін. Мекемелерде деректерге негізделген шешімдерді қабылдау үрдісі етек алып келеді. Нарықта қалыптасқан жағдайға сәйкес тез әрекет ете алатын ұйымдар бәсекеде ұтымды болады. Осы тұрғыда «Amazon Web Services» ұсынып отырған қызметтердің ауқымы мен алуан түрлігі осы құралдар оңайланып, арзандап жүргенін көрсетеді.

7. Фирмалардың инновацияларды ендіруі құқықтық, этикалық сауалдарды өзгерте бастады.

Оксфорд университетінің докторы Сандра Вахтердің баяндамасы өте өзекті мәселені қозғады. Бұл алдағы бір-екі жылда ең қызу талқыланатын тақырып болуы мүмкін. Сандра Вахтер – деректермен жұмыс істеудің этикалық тұрғысын зерттейтін маман. Оның айтуынша,  «GDPR»,  яғни жеке мәліметтерді қорғау бойынша бас регламент күшіне енгендіктен, фирмалардың көбісі осы жауапкершілікті жете түсінеді. Дегенмен бақылаушы органдар кездесетін тағы бір мәселеге аз көңіл бөлініп жүр. Мекемелер қолданатын алгоритмдер қай деректерге сүйеніп, өз шешімдерін қабылдан жүр? Мәселен, жұмысқа орналасқанда немесе ипотекаға арыз бергенде. Өзіміз туралы қандай мәлімет сақталып жүргенін білуге және кейбір жағдайда оны түзетуге немесе алып тастауға құқымыз бар. Алайда әдетте несиелерді тексеру және медициналық сақтандыру секілді салаларда ондай мүмкіндігіміз болмайды.

8. «Дәулеті бардың әлеуеті зор».

Конференция  жұмысына қарап отырып, шағын компаниялардың болашағына алаңдай бастайсың. Интернет алпауыттары мен көпшілік қолды тауарлар шығаратын дүниежүзілік компаниялардың үлкен көлемді дерекқорлары бар. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ фирмалар алгоритмдер негізінде шешім қабылдау дәуірінде олармен қалай бәсекелесе алады?  Онлайн қызметтегі осындай инновацияларды ұтымды пайдаланып жүрген ірі компаниялардың орны одан әрі күшеюі мүмкін.

Алайда «Unravel Data Systems» компаниясының құрылтайшысы әрі техникалық директоры Шивнат Бабу шағын фирмалардың онлайндағы жұмысынан және өз қосымшаларынан деректерді қолдануға және нарықтарға әсер етуге бұрынғыдай мүмкіндігі бар екендігіне сендірді.  Бәріне қолжетімді ашық дерекқорлар санының артуы соңғы 20 жылда әлемді өзгертіп жүрген «Google», «Facebook» пен «Amazon» секілді жаңа стартаптардың шығуына негіз салуы ықтимал.