Фото: Аслан Оспанов/Kazinform
Көкшетауда Ұлттық домбыра күніне орай «Киелі домбыра» облыстық флешмоб өтіп, онда 2500 жуық домбырашы бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін орындады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Оқжетпес» стадионында ұйымдастырылған ауқымды шараға Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы, Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану, Көкшетау қаласы тарихы, Мәлік Ғабдуллин, Әдебиет және өнер музейлері, Тарихи мұраны қорғау және пайдалану орталығының қызметкерлері, Көкшетау қаласы «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары, сонымен қатар, Біржан сал, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласының білім және мәдениет ошақтары, Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс қатысушысы — «Шабыт» білім және шығармашылық орталығы тәрбиеленушілері, Ақмола облыстық соты, мемлекеттік органдар, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Барлығы 2500-ге жуық домбырашы бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін орындап, көпшілікті тәнті етті.
Шарада Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан жиналғандарды құттықтап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген ақмолалықтарға алғыс білдірді.
«Домбыра дегеніміз — жай ғана аспап емес, ол бабаларымыздан қалған асыл мұра, әр қазақтың рухы мен жаны. Ән мен күйдің бесігі саналатын арқа төрі Ақмола өңірі үшін бұл мерекенің орны ерекше. Қазақ тарихының өнер әлемінде танымал Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгін де ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастыруда», — деді басқарма басшысы өз сөзінде.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Ақмола облысында 24 фольклорлық ансамблі бар (қатысушылар саны — 345), 30-дан астам дәстүрлі әнші, 10 қазақ ұлттық аспаптар оркестрі (қатысушылар саны — 275), 12 домбыра үйірмесі бар (қатысушылар саны — 212), мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 6 тегін үйірме (қатысушылар саны — 700) жұмыс істейді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда вокалды-аспаптық ансамбльдер мен кавер топтар арасында Ақмола облысының 85 жылдығына арналған «Сәлем, Көкшетау!» облыстық байқау-фестивалі өткенін жазған едік.