Фото: ашық дереккөз
Иә, осы бір «Көк жигулиді» тыңдаған сайын шешем есіме бірден түседі. Бір жағынан езу тартып күлем, екінші жағынан шешеме көрсетілген қорлықтарды ойласам ешкімді де кешірмеймін. Абайды ақтап алу үшін Құнанбайды қаралайтындай емес. Қалай болды солай жазамын. Шешемнің көңілі үшін.
Үндемес әкем шаруаға мықты болып атақты шопан атанып алғашқы көк жигулиді мінгендердің бірі екен. Иә, көк жигули... Көк жигулиге мінген әкеме қанат бітіп, төрт доғалақтың желі біраз желпілдетіп жіберсе керек. Сол көк жигулимен менің шешемді аудан орталығы Ойылдан мал ауылға алып қашып келіпті. Араға делдал болған аудан орталығындағы туысы, әрі құрдасы таныстырып, табыстырған көрінеді. Ал шешем көк жигулиге қызықпаған. Шешемнің әке- шешесі яғни нағашы ата-әжем өте қатты қарапты. Ер бала құсап жұмсап, бойжеткен қыздың көңілімен, қазіргіде переходный возросты олар ұрмапты.«Шұғыла» кинотеатрында киноның ортасында шешесі таяқтап талай қуып әкелген.«Қу қаншық, екіқабат боп қаласың» Құрбыларының, елдің көзінше үйге қуып тығады екен. Алда-жалда кешкілік құрбылары келсе оларды әудем жерге таяқтап айдап тастайды екен.
Үнсіз емес әрине. Айғайы екі көше әрі естіліп жатады. Қыз баланың тәрбиесіне осылай қараған нағашы ата-әжем: «иірілген қаншықтар, желпілдемей жоғалыңдар», — деп қақпаның есігін іштен тарс қып бекітіп алады.
Общым шешем бұл үйден құтылу үшін бақытты өмір сүру үшін мінезі біртоға, шопан, астында көк жигулиі бар әкемнің етегінен ұстап кете беріпті.
Әкем екеуі бақытты болғанымен шешемді адуынды ене қарсы алыпты. Әкем түзде, шешем үйде. Енесі яғни менің әжем шешемді күнде түтіп жейді. Елге, ауылға жамандап шығады. Баласына да бой бермейді. Әкеміз шешесіне ештеңе дей алмайды. Сөйтіп бір авчаркадан қашып келген шешем екінші алабайға тап болады.
Бір екілі балалы болады. Бірақ енесі бала бақпайды.«Бір етегімді сарыала, бір етегімді қарала қып бала бағып отыратын жайым жоқ. Олжабайдың тұқымын көбейтем деп маған бұлданба» - дейді.
Ақыры не керек шешем көк жигулиге қызығып келген боп шығады. Елдің ене-абысындары шешемді табалағыш-ақ. Қонақтықтарда әрі итеріп, бері жығып, талай қағажу көрсеткен. Келіншегін қорғайтын әкем жоқ. Ең бастысы үйде ме, үйде, аман ба аман.
Есесіне шешемді ауылдағы қайнағалары қатты сыйлапты. Жақсы көріпті. Талай үлкен кісілер шешемді іздеп отырады екен. Ене-абысындары шақырмаса қайынағалар бала жүгіртіп шақыртып алады екен.«Келінжан, айналайын» деп отырған ауылдың шалдарын күні кешегіге дейін өзім көрдім.
Әкемнің қалада інісі бар. Жеңгем орысқол, мұғалім. Әжеміз қолында қызыл сөмкесі бар қала мен ауылды жол қылып барып келіп жүреді. Біздің үйдің бес баласының у шуын жақтырмайды. Қаладағы баласының ақ бөлке жеп біздердің қара ұн жейтінімізді сол кісіден білдік. Бірде шешем мен әжем келіпей қалып, керіскен. Өсе келе шешемнің де тілі шықты ғой. Шығарды ғой.
«Елдің шешелері пенсиясын немерелеріне беріп үйінде отыр. Ал сен болсаң екі ортаны жол қылып бізді жамандап біттің. Екі ортада әрлі-берлі не істеп жүрсің» — десе, жарықтық әжеміз: «Шалқып жүрмін, мен болуға артыңа қара» деген екен.
Немере бағу, үйге көмектесуге бас ауыртпаған әжем өмір бойы шешемді елге жамандаумен болды. Ақыры қаладағы баласына көшіп тынды. Біраз жылдан кейін қайта көшіп келді. Қаладағы орысқол жеңгеміз кемпірдің ырбаңын нағылсын. Жұмысқа сап бала бақтырып қойған. Ал бізге келсе...
Ең соңында аяқтан жүре алмай ауру меңдеп жатып қалды. Өз әжем осылай жата тұрсын нағашы әжеме келейік. Ешкімді бетіне қаратпаған нағашы әжем де қартайып, құдайындай құлы болған өбектеген баласы алқаш боп шығып отбасының быт-шытын шығарды. Нағашымның аты Құрал. Оның алдындағы екі қызды мал есебіне санамаған нағашы ата әжем осы нағашымды туғанда өлердей қуаныпты. «Міне, басымыз енді құралды деп Құрал қойған екен. Кейін ол тек құрал емес Аққұрал боп өсті. Құдай оған екі рет шанс берді. Екі рет отбасын құрды. Күйлі тұрды. Бірақ арақтың құлы болды. Ақыры сол құралы құртып тынды. Сол бала үшін сексенге таянған кемпір шал айырылысты. Нағашы әжем біздің үйге кеп жатып алды. Кейін шалы өлді.
Менің байғүс шешем екі кемпірді бағып қала берді. Бірнеше жылдан соң екеуі де жүре алмай жатқан күйі 14 жыл өмір сүрді. Шешем 14 жыл олардың астын тазалап, гаршогын төкті. Сонда екі кемпірдің аузы тыйылған жоқ. Шешемнің шырайын шығармады. Үйге келген кісіге жамандап қалуды жалғастыра берді. Кезінде күн көрсетпеген екі кемпір қуат кеткенде шешеме кеп жатып алғаны аздай екеуі де өз балдарын көп уайымдап (бізді көті құрлы көрмей) пенсияларын жөнелтіп, немесе беріп жіберуді қоймады. Кеңшар тарап, жұмыс жоқ, кешегі аласапыран уақыт қой.
Бір жылы бөлмеде сәкі, оның үстінде екі кроватта жатқан екі әжем бір-біріне: «Сенің керемет келінің десе екіншісі сенің керемет қызың» деп атысып отыратын.
Бір күні шешем жарылды. Жармай қоймады екі бағым.«Менің бес балам бар. Байым жұмыста жоқ. Менің балаларыма жандарың ашымай ма? Немесе байым сөйлемей ме? Мен ұнамасам, бұл үй ұнамаса қазір апарып тастаймын асыл ұлдарыңа. Ұлдарың тұрғанда мен бағуға міндетті емеспін» —дегенде екі әжем жым болған. Бірақ пыш-пыштауын қойған жоқ.
Екі әжем бірі 84-ке, бірі 86-ға кеп қайтты. Әбден әлсіреп барып пенсия түгілі жан қайғы боп 3 жыл жатқанда шешем екеуінің ақшасын өздеріне жаратты. Ешқандай мәселе болған жоқ. Барлық кәдесі, бейіті ағайыннан ақша сұраусыз өтті. Ұсынақты шешем жинаған екен.
Кейін бірде шешемнің қос кемпірдің көрсеткен қорлықтарын айтып, құлазып отырып:«Мен екеуін баққанымды бұлдамаймын. Бірақ қартайғанда, қуат кеткенде керемет ұлдарына бармай маған келіп жатып алғандары қинады. Онымен қоймай мені өлгенше мойындамай кеткендері жаныма қатты батты» деді.
Екі әжемді де көзім көрді. Жақсы жақтары бар шығар. Бірақ өзім көргенде 50:50.Ол кезде кәртайған еді. Ал жас кезінде шешеме...
Адам өлгенде неге жылайды? Жақсы болғасын жылайды. Мен байғүс әжелерімді аяймын. Мейірімін төккенде қазір жылап отырар едім еске алып. Сөздің шыны керек екі кемпір өлгенде біздің үйдің бес баласы аса қинала қойған жоқ. Қиналмақ түгілі қазір тіпті еске алмайды да. Оған кінәлі өздері. Тек топырақтары торқа болсын! Кешір, әжелерім. сендер туралы айтпасам ел шешемді әлі солай ойлайды. Шешемнің жаулары әлі бар. Сондықтан шешемнің еңбегі көрінбей қалатын болды. Ағайынды жақындастырудың орнына алыстатып, елдің анасы емес бір көмеш нанның құлы болған кемпірлер туралы айтатұғын шұнақ та жоқ. Тек жас түскен шешемді сыйлаған, қолдаған қайнағалары жайлы әлі айтамын.
Мен бұл әңгімені неге жазып отырмын? Қазір айналамда алдына келсе тістейтін, артына барса тебетін, жастарды мойындамайтын шалдар көп. Байғұс тірі жүрсе де соларды аяймын. Ертең өмірден өткенде ел ардақтап өтірік көңіл айтып, турнир, кеш өткізіп жатса біз қалай еске алып, не деп пост жазамыз деп қиналамын.
Сол баяғы көк жигулимен келген шешем әкеммен отасқандарына кеше 50 жыл болыпты. Жарты ғасыр... Шеше сен жастау кезіңде үйелмелі-сүйелмелі 5 баламен өзің қалған, ал әкем совхоздың жұмсауымен қыста кетіп көктемде үйге келгенде бір тауықты да өлтірмей қыстан алып шыққаныңды неге білмеген жұрт? Бес баланың көзі қыли, аяғын ақсақ, бір жерін кем қылмай аман өсірген сені неге көрмейді жұрт. Шалыңның әркімге жалданып тапқан ақшасын шашау шығармай жинап мені оқытқаныңды, сенен талай қарызға ақша сұрап келгенін ұмытты ма саған сырттай күлген кей адамдар? Бес баланың ұры атанбай, ешкімнің басын жармай, жаман аты шықпай тәрбиеленуіне сен себепші екеніңді мойындай қоймас ә. Өйткені саған күлген адамдар өз бастарындағы шоқты көрмейді ғой...
Мен шешемді ақтап алу үшін ештеңеден тайынбаймын. Өйткені ел жел сөзге жаны кіріп сенді. Ал мен шындықты жаздым.
Автор: Самат Нарегеев