30 мам, 2022 сағат 12:41

"Көк туымызды қорлауға ешкімнің қақысы жоқ" - Мейрамбек Бесбаев


"Ирина Кайратовна" тобының мүшелері мен Shiza лақап атымен танымал рэпердің әрекеті қоғамда қызу талқыланып жатыр. Желідегі пікірлер әртүрлі. Біреуі даттаса, енді бірі кешіріммен қарауға үндеп жүр. Бұл жайтқа қатысты ой бөліскендердің арасында белгілі өнер адамдары да бар.

Әнші Меруерт Түсіпбаева желідегі парақшасында топтың әрекетіне ашынып, жазба жариялады.

"Киелі Көк туымызды мына қасиетсіз уқалап, қол орамал қылды-ау… Аяққа таптап… Геннадий Головкин - ұлты өзге болса да, рингте ұлттық шапан киіп, Көк туымызды желбіретіп, талай көзімізге жас келтіріп, жүрегімізді тебірентіп еді!!! Көк ту - мемлекеттік рәміз!!! Оны қорлауға жол жоқ!! Заң бар. (...) кім өзі? (аспандағы жұлдыз болса да) жауапқа тартылуы керек! Видеомен кешірім сұрағандар кешірілмесін! Заң бойынша жазалансын!", - деді әнші.

Өз кезегінде, қазақ эстардасының жұлдызы Мейрамбек Бесбаев та бұл әрекеттері үшін оларды қатаң жазалауды талап етті.

"Егемендігіміз бен елдігіміздің белгісі, Тәңірден тілеп алған тәуелсіздігімнің символы, қастерлі де қасиетті Көк ту сенің қадіріңе жете алмай жатырмыз-ау. Тоқ заманда туған жастар сахна төріне шығып, мемлекеттік рәмізімізді қорлап, аузына келгенін оттап, ойран салып жатыр. Осындай есерлік пен ессіздіктің сазайын беретін заң орындалуы тиіс. Мейлі ай бол, жұлдыз бол, кім болсаң, ол бол - біздің Көк туымызды қорлауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл - бір "кешірім" сұрап құтыла салатын мәселе емес. Қатаң түрде жазасын алып, айыбын өтеуі тиіс", - деді әнші.


Айта кетейік, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өткен. Кейінірек Желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынады. Әншілер сахнада боғауыз сөз де айтқан.