Байқоңырдан ұшқан әуе кемесiтағы апатқа ұшырады. 2 желтоқсанда түн жарымда көкке өрлеген “Прогресс-МС04” жүк ғарыш кемесiараға алты минут салып, әуеде жарылып кеткен. Мамандар зымыран зулай салысымен кейiн iле-шала байланыс жоғалғанын айтып жатыр. “Роскосмос” болса, ғарыш кемесi Тыва республикасының таулы аймағында “көк аспанда өртенiп кеткен” деген болжам жасады. Бiрақ күнi бүгiнге дейiн оның қалдығы еш жерден табылған жоқ. Бұл кеме Халықаралық ғарыш стансасына үш тоннаға жуық азық-түлiк, киiм-кешек және басқа да қажеттi жүктi жеткiзуге тиiс болған екен. Белгiлiсi, Халықаралық ғарыш стансасына бағыт алған жүк кемесi ғарышкерсiз ұшырылған.
Келесi бiр мәлiметтерде жүк тиелген “Прогресс” атмосфера қабатынан шыға алмай, 190 км биiктiкте өртенiп кеткенi жөнiнде жазылуда. Мамандар “зымыранның қозғалтқышынан ақау шыққан” дейдi. “Роскосмостың” жанып кеткен “Прогресске” өкпе-назы жоқ-ау шамасы. Тiптi iшi де ашымаған сыңайлы. Өйткенi бұл мекеме ләм-мим деместен үш айдан кейiн ұшуға тиiс болған тағы бiр “Прогресстi” дайындап жатқан сыңайлы.
Әрине, зымыранның жарылуы оңай дүние емес. “Iшi де ашымады” дегенiмiз әншейiн сөздiң сыралғысы ғой. Әйтпесе, бiр зымыранды жиып-құрастыруға қаншама күш, қаншама қаржы-қаражат шығындалды. Дiттеген жерiне жетпей, көк аспанда күл-талқаны шыққаны кiмге абырой дейсiң? Рас, жалғыз Ресейдiң зымыраны жоғалып, құлап жатқан жоқ, дегенмен “әуе кемесiнiң әлсiн-әлсiн жарылуы” Ресейдiң онсыз да керi кеткен беделiне нұқсан. Әлгi өртенген әуе кемесiнiң зардабын ешкiм ашып айтпаса да, қоршаған ортаға төнген қауiп-қатерiн бәрiмiз шамалай аламыз. Бұл жолы Құдайға шүкiр, аулымыздан әрi ауып кетсе керек. Әйтсе де ғарыш айлағының маңайындағы елдi мекендердiң қандай әлеуметтiк-экологиялық жағдайда отырғаны әмбеге аян.
Байқоңырдан ұшқан әр зымыранның зардабын ешқандай ақшамен толтыра алмайсың. Академик Қайыржан Бекiшұлы ғарыш айлағының жұмысы қоршаған ортаға мынадай керi әсерi барын жазады: ұшу үдерiсiнен кейiн атмосфераның табиғи режимi бұзылады; атмосфераны және жер қабаттарын токсиндi зымыран майының қалдықтарымен ластайды; озон қабатын бұзады; қышқылды жаңбырдың жаууына себеп болады. Байқоңыр пайдалануға берiлген уақыттан берi 1300-ге жуық зымыран ұшырылыпты. Назар аударыңыз, көпсатылы “Протон” зымыран жеткiзгiшiнiң алғашқы блогы (алты бакты блогы болады) жұмысын аяқтап, жерге құлағанда 1,5 тоннадан – 3,5 тоннаға дейiн гептил қалдығы жерге төгiледi. “Сонда бiр рет ұшырылғанда, орта есеппен 2 тонна гептил жерге төгiлгенде, 44 жылда 520 000 тонна гептил төгiледi. Ұлттық аэроғарыш агенттiгiнiң мәлiметiнше, қазiргi зымыран жеткiзгiшiнiң жердi зақымдайтын гептил мөлшерi 150-200 литр шамасында”, – деп жазады академик Қайыржан Бекiшұлы.
Айтпақшы, таяуда ЕЭК Кеңесiнiң жұмысы аясында премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Асқар Мәмин Мәскеуде РФ үкiметi төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесу өткiздi.
Осы басқосуда тараптар екi ел арасындағы ғарыштық және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықтың даму келешегi мен қазiргi жағдайын қарастырды. Сондай-ақ кездесуде Байқоңыр кешенiндегi ынтымақтастық жөнiндегi қол қоюға әзiрленiп жатқан құжаттар бойынша нақты мәселелер талқыланды: Байқоңыр ғарыш айлағындағы ынтымақтастықты жалғастыру Тұжырымдамасын дайындау туралы, Байқоңыр қаласының мәртебесi туралы мемлекетаралық келiсiмге өзгерiстер енгiзу жөнiнде және т.б. мәселелер ортаға салынды.
Бұған дейiн де премьер-министр Бағытжан Сағынтаев Д.Рогозинмен бiр емес, бiрнеше рет жүздескен едi. Келiссөздер барысында Байқоңыр кешенiнде экологиялық қауiпсiздiктi және бақылауды қамтамасыз ету, Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам ауылдарының даму басымдықтары, әскери-техникалық ынтымақтастықтың келешегi және өзге де өзектi шаруалар талқыланған едi. Бұдан басқа, Қазақстан тарабы ғарыш қызметi саласында екiжақты ынтымақтастықтың 2030 жылға дейiнгi ұзақмерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп қабылдау мәселелерiн қарауды ұсынған. “Бәйтерек” ҒЗК құру және “Протон” ҒЗК-нi экологиялық қауiпсiз ғарыштық-зымырандық кешенге ауыстыру жөнiндегi мәселелер жеке талқыланған.
Қалай болғанда да, Байқоңырдың бағы бiзге емес, Ресейге тiкелей қатысты. Жалға берiлген 49 жылдың iшiнде көктей көгере ме, жоқ әлде “тұқымы тұздай құри ма?” ол жағы бiр Құдайға аян. Жер-Ананың төсiне төгiлген гептил өтемақысын өтей алмай жүргенде, Байқоңырдың басына бақ қонады деу де әбестiк.
Г.Нұрмолдақызы
"Жас Алаш" газеті