Фото: qazaly.kz
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ҚР премьер-министрі мен бас прокурорына сауал жолдап, Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген блогерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды Ult.kz.
"Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды "туфли жалағыш", Шәмшіні "арақкеш" деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп жанымыздан түңілдік.
Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді", - дейді депутат.
Оның сөзінше, тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді.
Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты "жазалау" шаралары аз емес, дейді ол.
"Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ.
Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана. Алайда, рухани тұрғыда кез келген кері әрекетке тиісті уәкілетті органдар тарапынан жауап берілмеген жерде осындай жағдайлар орын алады. Ел Президентінің сәт сайын "қоғамда Заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!" деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын!", - дейді Жанарбек Әшімжан.
Осылай деген депутат Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санайтынын айтқан.
"Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу жағынан қолдау көрсетуге дайын", - деп сауалын жолдады ол.