03 мау, 2022 сағат 21:42

Қоғамда конституциялық өзгерістерге қызығушылық байқалады - Ерлан Қарин


Қоғамда конституциялық өзгерістерге жоғары қызығушылық байқалады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін - референдум-2022 үгіт науқанының соңғы күні. Ертең тыныштық, ал одан арғы күн конституциялық реформаларға дауыс беру күні. Үгіт науқаны өте белсенді, қарқынды жүргенін атап өткім келеді. Қоғамда конституциялық өзгерістерге, жалпы саяси реформаларға барынша жоғары қызығушылық байқалады. Ұлттық кеңестегі әріптестеріммен бірге конституциялық реформаларды түсіндіруге қатыстық. Атап айтқанда, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары, Алматы қаласы сынды өңірлерге бардық. Ол жерлерде өңірлік қоғамдық кеңестермен, шығармашылық және ғылыми зияткерлермен, жастармен түрлі форматта кездесу өткіздік. Жасына, істейтін қызметіне, тұрғылықты жеріне қарамастан қазақстандықтар елдегі орын алып жатқан өзгерістерге үлкен назар аударатындығын атап өткен жөн. Және де азаматтардың басым бөлігі президенттік саяси жаңғыру бағдарламасын, жалпы Конституциядағы өзгерістерді қолдайды», деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында. 

Сонымен қатар ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге конституциялық реформалардыуң негізгі ережелерін түрлі сарапшылық алаңдарда, БАҚ бетінде талқыға салғандарын атап өтеді. Мысал ретінде, А.Байтасов пен М.Әбеновтің YouTube-арналарын алға тартады. 

«Әлеуметтік желілерде әдістемелік көмек ретінде Конституциядағы түзетулердің негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған екі ролик жарияланды. Көпшілік атап өткендей, үгіт жаппай мыңдаған «алға-форумсыз» өтті. Барлық науқан қоғамдық сұхбат, әңгімелесу және талқылау форматында болды. Бұл Жаңа Қазақстанның жаңа саяси мәдениетін қалыптастырудағы алғашқы қадам», - деді Мемлекеттік хатшы.