Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
14 қыркүйекте Мәскеуде өткен ойында елордалық клуб қарсыласынан 6:3 есебімен басым түскен болатын.
Бүгінгі кездесуде екі команда шабуылға жиі шықты. Нәтижесінде 11-минута елордалық Никита Михайлис мергендік танытты.
Екінші кезеңде екі команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Дегенмен бұл сәтте хоккейшілер дәлдік көрсете алған жоқ.
Ойынның 54-минутында ресейлік клубтан Константин Окулов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қазақстандық команда хоккейшілері де алға қарай ұмтылды.
Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Константин Окулов жеңіс шайбасын соғып кетті. Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Енді «Барыс» екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 25 қыркүйекте Ресейдің «Сибирь» (Новосібір), 27 қыркүйекте «Автомобилист» (Екатеринбург) командаларымен шеберлік байқасады.