Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысында бүгін ресейлік «Металлург» (Магнитогорск) командасымен алғашқы кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында екі команда тартысты ойын өткізді. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуыл жасады. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңнің алғашқы минуттарында қазақстандық клубтың басымдығы байқалып тұрды.
Нәтижесінде 22-минутта елордалық клубтан Томаш Юрчо мергендік танытты.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшісі Якоб Лилья 40-минутта есепті үстемелей түсті. Ал 47-минутта ресейлік клубтан Линус Виделль көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Томаш Юрчо 50-минутта тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Ресейлік клубтан Николай Голдобин 52-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде плей-офф сатысындағы жеңістер сериясында алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Енді тағы бір ойын 3 наурызда Магнитогорск қаласында өтеді. Одан кейінгі екі кездесу 5 және 7 наурызда елордада болады.
Алғашқы төрт матчта жеңімпаз анықталмаған жағдайда одан кейінгі ойындар 9 наурызда Магнитогорскіде, 11 наурызда Нұр-Сұлтанда, 13 наурызда Магнитогорскіде өтеді.