21 мау, 2024 сағат 13:23

Киевтегі қастандық: Блогер Украина құпия органдарының қатысы болуы мүмкін деп күмәнданады


Фото: facebook.com/UA.KyivPolice
Журналист, блогер Алмас Алтай қазақстандық журналист Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандыққа  Украина құпия органдарының қатысы болуы мүмкін екеніне күмәнданатынын айтып, фейсбукке пікір білдірді.

 "Соғыс боп жатқан Украинада, майдан даласынан алыс астанасы Киівте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Өз мәшинесінде әйелімен әңгімелесіп отырған Айдосқа белгісіз бір ер адам пистолеттен бірнеше рет оқ атқан да қашып кеткен. Оқтың бірі Айдостың басына тиіп, журналист қазір ауруханада өмір үшін күресіп жатыр. Жақсылығы жақын болсын!
 Мен бұл оқиғадан бір сұлба көремін - іске Украина құпия органдарының қатысы болмаса мынадай дәрежедегі қастандық ой іске аса ма... Қайдам-ау...
 Ел соғыс жағдайында. Әшейінде көшедегі бейсеубет жүрген адамды тоқтатып, құжатын тексеріп, "соғыстан қашып жүрген жоқсың ба" деп бір тиісіп алатын украин сақшылары тұмсығының астында тапаншамен жүргендерді қалай "көрмей қалғаны" түсініксіздеу..." -дейді блогер.

Ол АҚШ-пен де, Қытаймен де, БҰҰ-ң болашақ Бас Хатшысымен де жақсы қарым қатынастағы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ісі ұнамауы мүмкін деп топшылады.
 
"Расында, қазір "Қазақстанда кімнің қызығушылығы жоқ" деген сұраққа жауап берген оңайырақ. Араб та, қытай да, әміркен де, ағылшын да, француз да, неміс те, қысқасы кім мықтының бәрі Қазақстанға бір зауыт, кенорын немесе инвестиция салып қойған. 
 Президентіміз де әлемді шарлап тыным таппайды. Тақа болмаса елге қонақ шақырады, дамыған елдердің бизнес өкілдерін, ақшалы адамдарын әкеліп қазақтың іскер жігіттерімен таныстырады, бірге жұмыс істеп кетуіне іргетас қалап береді", -дейді ол.
 
Алмас Алтайдың пайымдауынша Қазақстан көрші елде соғыс болып жатқанына қарамастан ілгері дамып, жатқаны басқаларға ұнамайды.
Ол Президент Тоқаевтың бұл оқиға туралы пікірін мысалға келтіріп, мемлекет басшысының жағдайға бірден пікір білдіргенін орынды деп есептейді. 

Тағы оқыңыз:

"Қазақстанның әлемдік аренадағы атына қара күйе жағуға тырысқандарға жақсы жауап болды. 
 "Қазақстан билігі өзіне қарсы шыққан журналистердің өзін атып тастайды екен" деген ақпарат таратып, әлемнің сөз бостандығын сүйгіш адамдарының Қазақстанға деген сезім, сенімдеріне селкеу түсірмек болғандардың талабы тасқа соғылған сыңайлы!
 Ақорданың ашық әңгіме айтқаны, бұқпай, бүкпей мәлімдеме жасағаны жөн-ақ болды!" -дейді блогер Алмас Алтай.