Фото: © Sputnik/Ертай Сарбасов
Алматыдағы хостелде шыққан өрт дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Хостелдегі өрттің шығу себептерін тексеру үшін министр генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына аттанды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт ошағы жертөле дәлізінде болған.
Өрт орнында Алматы қаласы ТЖД өрт сынау зертханасының анықтаушылары мен мамандары жұмыс істеп жатыр" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, бұл объект бір жарым ай бұрын хостел ретінде қайта жабдықталған. Оның ауданы 457 шаршы метрді құрайды.
"Аталған өрт фактісі бойынша Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) қылмыстық іс тіркеді" - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 30 қарашада таңертең Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты.