Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға жәрдем көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алматы әкімдігі зардап шеккендер мен эвакуацияланғандарды қолдаудың барлық шараларын көрсетіп жатыр. Жедел түрде уақытша баспана берілді, тамақтану ұйымдастырылды, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік қаза тапқандардың денелерін көрсетілген жерлерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға жәрдемдеседі. Бұдан басқа, жерлеу процесін қоса алғанда, Алматы қаласының аумағында жерлеуді ұйымдастыруға толық жәрдем көрсетіледі" - делінген хабарламада.
Жерлеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша қаза тапқандардың туыстары мына байланыс нөмірлеріне жүгіне алады: + 7 707 779 07 08, +7 777 312 08 08.
"Алматы әкімдігі өрт салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 30 қарашада таңертең Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты.