Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ж.Түймебаев 2016–2017 оқу жылының басында селекторлық кеңес өткiзiп, аудан, қала әкiмдерiне әр мектеп ауласында жылыжай салу жөнiнде, соның iшiнде Сайрам мен Сарыағаш ауданының әкiмдерiне жылыжайдың жоғары деңгейдегi үлгiсiн жасап, семинар өткiзудi тапсырып едi.
Ал, Шымкент қаласының «Асар» шағынауданындағы №89 мектеп-лицейi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартының «әрбiр бiлiм мекемесiнiң ауласында оқу-тәжiрибе алаңы болуы қажет» дейтiн талабын 2012 жылы-ақ орындап, демеушiлер көмегiмен жылына 2-3 рет өнiм алатын 300 шаршы метр жылыжай жасап қойған болатын. Онда оқушылар 174 ғылыми жобамен айналысуда, оның iшiнде 60 жобаны үш тiлде қорғауға дайын. Қазiргi таңда «Шырайгүл (петуния) гүлiн өсiрiп баптау», «Биогумус дайындау», «Хризантема гүлiн көбейту», 7 түрлi емдiк қасиетi бар шөптердi өсiру жолға қойылған. Оқушылар бақылау, зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, теорияны практикамен, ғылыммен ұштастырып отыр. Мектеп ұжымы Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығының құрметiне 25000 дана гүл көшетiн қала мектептерi мен балабақшаларға, қарттар мен балалар үйiне, «Асар» тұрғындарына тарту еттi.
Ұстаздардың қажырлы еңбегi мен шәкiрттердiң ыждаһаттылығы арқасында мектеп жоғары көрсеткiштерге жетiп отыр. Халықаралық және респубика көлемiнде 42 оқушы түрлi байқау дипломымен марапатталса, 52 оқушы облыстық ғылыми жоба мен олимпиадаларда жүлделi орын алған. 4 мұғалiм республика, 32 мұғалiм облыс, 57 мұғалiм қала көлемiндегi байқаулардың дипломын иеленген. Әрiптестерi тарапынан көп қойылатын «мұндай жетiстiктiң сыры неде, сiздер қалай 3 жыл iшiнде жаратылыстану және экологиялық бағыттағы мектеп-лицей мәртебесiн иемдендiңiздер?» деген сұраққа ұжым басшысы Қасым Атабаев (суретте) былай жауап бередi:
– Бiрiншiден, мектеп басшысы өзiне аманат етiп тапсырылған ұстаздар мен оқушыларға мейiрiммен қарауы, аманатқа қиянат жасамауы тиiс. Бұл не деген сөз? Бұл – оқушылар мемлекет стандартқа сай талап етiп отырған бiлiм деңгейiн жүз пайыз игеруi тиiс деген сөз. Ал, мемлекет талабы үш фактор – мектептiң мықты материалдық-техникалық базасы, сапалы бiлiм беретiн мұғалiмдер құрамы және ұйымдастыру қабiлетi жоғары мектеп директоры өз шешiмiн тапқан кезде орындалады. Бiрiншi факторды барлық жерде 100 пайыз болмаса да, мемлекет қамтамасыз етiп отыр. Қалған екеуi – директордың қолында. Ол дұрыс таңдау мен сұрыптау арқылы мықты ұжым жасақтауға, қалыптастыруға мiндеттi. Бiзде бұл мәселе шешiлген. 120 ұстаздың 34-i – жоғары санатты мұғалiм, 80 пайызы – тәжiрибелi мамандар. Одан бөлек 6 ғылым докторы мен кандидат мектебiмiзге келiп, жаратылыстану пәндерiнен сабақ бередi. Мектептегi 3 спорт залында 16 спорт секциясы мен 21 үйiрме жұмыс iстейдi. Оқушылардың 97 пайызы осы үйiрмелерге қатысады. 3 пайызы – ҰБТ-ға дайындалатын 11-сынып оқушылары.
Тақырып – жай айтыла салған сөз емес, мектеп шынында да «ХХI ғасыр мектебi» деп аталатын ағылшындық жобамен салынған. Ұстаздары да, оқушылары да соған сай. Мектепке Шымкенттiң өзге шағынаудандарынан келiп оқып жүрген қалалық 450 бала – соның жарқын дәлелi.
Өмiрзақ АҚжiгiт, «Оңтүстiк Қазақстан».