Баяғыда мектепте оқып жүрген кезімізде, химия пәнінен сынақ тапсырар тұста қиналғаннан «химияның қиыны-ай, кірмей қойды-ау миыма-ай» деп әндетуші едік.
Тек сабақта ғана емес, өмірде де солай. Химия өнеркәсібі – экономиканың күрделі салаларының бірі. Өйткені ол шикізаттардың мол көлемін, дайындығы мықты мамандар мен жұмысшылар армиясын, ең бастысы, заманға сай дамыған ғылымды, зертханаларды, күрделі техника мен технологиялары, өндірістің әртүрлі салаларымен түрлі байланыстардың болуын, мол су мен отынды және инвестицияны қажет етеді.
Осыларды іске қоса білген елдерге оның беретін пайдасы да мол. Өйткені ол көптеген салалардың тұрақты дамуына қызмет етеді. Мәселен, машина жасау саласына пластмассалар, бояулар мен лактар, ауыл шаруашылығына түрлі тыңайтқыштар мен малазықтық қоспалар, көлік саласына жанар-жағармай мен каучуктер қажет. Ұшақтар мен ғарыш техникаларының өндірістері де жанар-жағармай мен синтетикалық заттарсыз алға баса алмайды. Міне, осының барлығын химия саласы береді.
Әлемде химия өнеркәсібінің қарқынды түрде дамуы нәтижесінде соңғы жылдары металдардың орнын химия саласының пластик бұйымдары баса бастады. Бұл заттардың артықшылығы бірден сезілуде. Мәселен, тұрғын үйлерге жылу, ауыз су, кәріз жүйелерін тарту үшін қазір темірдің орнына полипропилен, полиэтилен құбырлар кеңінен пайдаланылып жүр. Себебі, бұл құбырлар темір секілді таттанбайды әрі ұзағырақ қызмет етеді. Оның үстіне оларды орнату да жеңіл.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында (1991-1998 жылдар) еліміздің химия өнеркәсібі ең қиын кезеңді бастан кешті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы республикалардағы өнеркәсіптік кәсіпорындармен қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, осының салдарынан бұрынғы сату нарығынан айырылып қалдық. Осыдан саланың әлеуеті әлсіреп, маманданған жұмыс күштері мен тәжірибелі мамандардың жұмыстан кетуі белең алды. Еліміздегі химия саласының жетекші кәсіпорындары қатарындағы Жамбылдағы фосфор өндірісінің жұмысы тоқырады. Қаржы тапшылығы орын алды.
Дегенмен уақыт өте келе бұл салаға да жан бітті. Елімізге әлеуетті жаңа инвесторлар келе бастады. Сөйтіп күрделі сала химия өнеркәсібінің қызметі де жүйеге келіп, ол қарқынды даму жолына түсті. Дамудың жоғары деңгейі 2009-2011 жылдардың үлесіне тиді. Осының нәтижесінде жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі химия саласының үлесі 1,2 пайызды құрағанымен, өңдеу өнеркәсібіндегі оның үлесі 3,9 пайызға көтерілді.
Елімізде химия саласының дамуына қолайлы алғышарттар бар. Біздің елде оның кейбір салаларын қарқынды дамыту үшін шикізат көздері бар. Мәселен, әлемде химия саласында өндірілетін 11 млрд тонна пайдалы қазбалардың 250 млн. тоннадан астамы біздің еліміздің үлесіне тиеді екен. Бұл – жақсы мүмкіндік.
Химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1990 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде ақшамен есептегенде 81 есе өсті (3 млн теңгеден 244.1 млрд теңгеге дейін). 2013 жылдан бастап өнеркәсіптің өсу қарқынының баяулағандығы байқалады. Баяулаудың себебі, өндіріс көлемінің өсуіне негіз болатын жаңа қуаттардың іске қосылмағандығы. Оның үстіне 2014 жылы теңге бағамының өзгеруі бұл саланың өсу қарқынына кері әсер еткендігі сезіледі.
Енді соңғы, яғни биылғы жылдың деректеріне келейік.
Статистика агенттігінің деректері бойынша, 2016 жылдың 1 қаңтарына еліміздің химия өнеркәсібінде 481 шағын, 14 орта және 13 ірі кәсіпорын жұмыс істеуде.
Үстіміздегі жылдың алты айындағы статистикалық деректер бойынша химия саласының өндіріс қарқыны аздап баяулағанымен, әлі де болса өсім деңгейі сақталып отыр. Мәселен, ақшамен есептегенде өткен жылдың қаңтар-маусым айларында сала бойынша 105.5 млрд теңгенің өнімдері өндірілсе, бұл көрсеткіш биылғы жылдың осы мерзімінде 142,8 млрд теңгені құрап отыр. Соның ішінде нақты өнім көлемі бойынша күкірт қышқылының өндірісі 25,1 пайызға, натрий бихроматы 18 пайызға, азотты тыңайтқыштар өндірісі 13,6 пайызға өскен. Ал нақты өнім көлемімен есептегендегі жалпы сала бойынша өндірістің өсім деңгейі онша емес. Бар болғаны 0,1 пайызды көрсетіп отыр. Әрине, әлемдегі көптеген салаларға әсер етіп отырған қазіргі дағдарыс жағдайын есепке алатын болсақ, мұның өзі жаман емес.
Сонымен қатар сала бойынша бұрын біздің елде өндірілмеген жаңа өнімдер шығарыла бастады. Мәселен, Павлодар облысында еліміздегі индустрияландыру бағдарламасының аясында соңғы жылдары ашылған «Каустик» АҚ-тың негізінде каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы, натрий гипохлориті өндірілетін болды. Бұл өнімдер бұрын бізге басқа елдерден, анығырақ айтсақ Ресей, Өзбекстан, Украина және т.б. елдерден импортталатын.
Химиялық өнімдердің жаңа түрлерін шығару және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Қазфосфат» ЖШС және «ҚазАзот» ЖШС-да жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы ірі кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде саладағы өнімділік көрсеткіші 1,7 есеге өсіп, энергия шығыны 1,4 есеге қысқарды.
Үстіміздегі жылдың маусым айында «Павлодар» арнаулы экономикалық аймағында «АгроХимПрогресс» ЖШС жаңа зауытты іске қосты. Бұл зауыт эфир майларын, жемір шегірткеге қарсы дәрі-дәрмек өнімдерін, пестицидтер және пластик өнімдерін шығаруда. 118 жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында жылына 350 мың метр полиэтилен құбырын шығаратын жаңа зауыт пайдалануға берілді. Зауыт ішкі рыногымыз үшін жұмыс істейтін болады. Өйткені елімізде мұндай құбырларға сұраныс жоғары болып отыр.
Қазіргі күні әлемде химия саласы қарқынды дамуда. Жыл өткен сайын өндіріс пен тұрмысқа пайдалы жаңа өнімдер игерілуде. Мәселен, жуықта Қытайда полиэтилен қалдықтарды сұйық отын түріне айналдыра алатын жаңа әдістің пайда болғандығы туралы хабар таратылды. Полиэтилен – пластмассаның ең кең тараған түрі. Әлемде жылына 100 миллион тоннадан астам осындай зат шығарылады. Бұл затты пайдаланып болған соң жою өте қиынға түседі. Ол өз қалпында табиғатта жүздеген жылдар бойы сақтала береді. Бұл заттарды қайта кәдеге жарату да оңай шаруа емес. Өйткені оны қайта қыздырған жағдайда ауаға улы заттар тарайды. Міне, осындай жағдайда қытайлық химиктер оны залалсыз жолмен сұйық отынға айналдырудың әдісін тапқан көрінеді. Мұндай жағдайда көп қоқыспен бірге шашылып жататын полиэтилен пакеттер де ендігі кезекте кәдеге жарай бастайтындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»