© Nobel Prize Youtube-арнасы
Биыл химия саласы бойынша Нобель сыйлығын кванттық нүктелерді ашуға және синтездеуге қатысқан үш ғалым иеленді. Олардың қатарында Америка ғалымдары Мунги Бавенди мен Луис Брюс, сонымен қатар ресейлік Алексей Екимов (1999 жылдан бері АҚШ-та, Nanocrystals Technology Inc компаниясында жұмыс істейді) бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.
Марапат «кішкентай екені сонша, көлемін сипаты анықтайтын кванттық нүктелерді ашқаны және синтезі» үшін тағайындалды.
Лауреаттардың есімі Нобель комитеті ресми жариялағанға дейін бірнеше сағат бұрын баспасөз бетіне шығып кетті. Бірқатар шведтік БАҚ Швеция корольдік Ғылым Академиясы қателесіп жіберген электрон хатты жариялады.
Содан кейін көп ұзамай ғылым академиясының өкілдері Reuters басылымына химия бойынша биылғы сыйлық кімге табысталатыны әлі шешілмегенін хабарлады.
«Бұл — Швеция Корольдік ғылым академиясының қателігі. Біздің жиналыс Орталық Еуропа уақытымен 9:30–да (Гринвич бойынша 7:30) басталады, шешім әлі қабылданған жоқ. Жеңімпаздар анықталмады», — деп мәлім етті Нобель комитетінің химия саласы бойынша өкілі Джоан Аквист.
Академия сайтында да баспасөз релизі болған жоқ.
Жалпы, Нобель сыйлығы туралы ақпараттың ерте тарап кетуі сирек кездеседі. Сыйлық тағайындайтын түрлі академия лауреаттар есімі жарияланар сәтке дейін құпия сақталуы үшін бар күшін салады, ал номинанттар тізімі жеңімпаз анықталғаннан кейін 50 жыл бойы жасырын сақталады.
Былтыр химия саласы бойынша Нобель сыйлығын АҚШ ғалымдары Каролин Бертоцци мен Барри Шарплесс, сонымен қатар даниялық Мортен Мелдал алған болатын. Олар клик-химия тәсілін дамытқаны үшін марапатталды.
Барри Шарплесс сыйлыққа екінші рет лайық деп танылды. Ол 2011 жылы ғалымдар Редзи Ноери мен Уильям Ноулзбен бірге фармацевтика өндірісіндегі зерттеуі үшін Нобель сыйлығын иеленген болатын.