Астана Ішкі істер департаменті елордалық «Хайвил» тұрғын үй кешенінде өрт кезінде қаза тапқандардың кім екенін анықтады, деп хабарлады Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Оқиға орнында 1953 жылы туған Нигерия азаматы, оның зайыбы - 1963 жылы туған Ұлыбритания азаматшасы, 8 және 17 жастағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларының мүрдесі табылды», - деп хабарлады ІІД.
Департаментте атап өткендей, 14 шілдеде сағат 05.00-де Байтұрсынов көшесі бойынша «Хайвил» ТК-де пәтердің өртенгені жайлы іс ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша Бірыңғай соталды тергеу тізіліміне тіркелді.
Еске салсақ, «Хайвил» ТК 9-шы қабатындағы пәтерде өрт шықты. Салдарынан 4 адам көз жұмды, оның екеуі балалар. Тілсіз жаумен 25 өрт сөндіруші арпалысты. Өрттің нақты неден шыққаны анықталуда.