ОҚЫРМАН
…жақсылығын жеткізеді
Қарт оқырмандарға қамқорлық
Жақында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының шығармашылық ұжымы қаладағы қарттар үйіне ат басын бұрдық. Ондағы мақсат – қарияларға рухани көмек көрсету болатын.
Осында кітапханашы болып қызмет атқаратын Жанат Бекентаеваның өтінішіне орай біздің кітапханашылар әдістемелік көмектер көрсетіп, маман ретінде іс-тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Кітаптарды нөмірлеу, тізімге енгізу, оқырман формулярын жасақтау секілді жұмыстарды көрсетті. Сонымен қатар әртүрлі жанрдағы кітаптар мен газет-журналдарды сыйға тартты.
– Біздің интернатта 270-тен астам қарт кісі бар. Солардың жүз жетпіске жуығы кітапхананың тұрақты оқырманы. Олар кітапханаға келіп, өз қажеттерін осы жерден іздейді. Алайда кейде олардың өтініштерін тауып бере алмай жатамын, себебі бізге кітапхана үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейді, мына кітаптардың бәрі сыйға берілген кітаптар ғана, – деді Жанат Бексұлтанқызы.
Облыстық балалар кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина әр бөлмеге кіріп, қарттарға сый-сияпаттарын ұсынды. Бұл қарттар үйінде қариялық жасқа жетпесе де мүмкіндігі шектеулі жандар да бар екен. Аз да болса көрсетілген сый-құрметке олар балаша қуанды.
Камила ИДРИСОВА,
Н.Байғанин атындағы кітапхананың маманы
АҚТӨБЕ
…қуанышын бөліседі
76 туындыны тарту етті
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі тарту еткен туындылардан жасақталған «Музейлер ынтымақтастығы» атты көрме өтті. Бүгінде жыл басынан бері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Атырау облыстық өнер музейіне 76 туындысын тарту етіп отыр. Күн өткен сайын құндылығы артқан бұл еңбектерінде қылқалам шеберлері адамзат баласы үшін маңыздылығын жоймайтын өзекті тақырыптарды арқау еткен. Музей қорына тарту етілген туындылардың дені белгілі суретші Сахи Романовтікі.
Көрмені таныстыру сәтінде қылқалам шеберлері туындыларының дүниеге келуіне себепші болған Семей полигоны, Екінші дүниежүзілік соғыс пен туған жер туралы бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды. Бұның өзі музейлер ынтымақтастығын мақсат еткен ұжымдардың ұтымды жобаны қолға алғанын айқындап бергендей еді.
Тұрсын ҚАЛИМОВА
АТЫРАУ
…пікір білдіреді
Ғибратты ғұмырбаян
Жақында Астана қаласындағы «Шаңырақ Медиа» ЖШС баспасынан белгілі журналист Сәдуақас Жұбатовтың «Асылдың тұяғы» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта еліне абыройлы қызмет еткен ұлағатты ұстаз Қайырғали Ишанұлы Мақұловтың өрнекті өмірі сөз болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халық даналығы осындайда айтылатын болар. Әрбір қалам ұстаған жорналшы өзі көрген, естіп-білген, өмірінде өнегелік із қалдырған жан туралы әңгіме қозғап жатса, бір міндетін орындағаны да. Менің де Қайырғали ағаның қарапайым, бірақ мағыналы өмірі жайлы сөз арнағым келгені осындай мақсаттан туған еді», деп басталатын кітап бес бөлімнен тұрады. «Ер топырағына тартады» аталатын бірінші бөлімінде кейіпкердің туған жері туралы сөз болса, «Мақұлдың Ишаны» аталатын екінші бөлімінде батыс өңіріндегі Нарын құмында өмір сүрген Қайырғалидың әкесі Ишанғали жайлы, оның артында қалдырған тапқыр әңгімелері, әділдік үшін, шындық үшін қара қылды қақ жаратын азаматтығы туралы айтылады. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», «Біз білетін Қайрекең», «Әулетің өссе ел болар» деп аталатын бөлімдерге аттарының өзі айтып тұрғандай, кейіпкерді көзі көргендердің, әулет ұрпақтарының естелік әңгімелері арқау болған.
Қайда жүрсе де туған жерге деген сағыныш сезімін жоғалтпаған ақ жүректі асыл жан туралы әсерлі шығармаға қуандық. Ғибраты мол ғұмырбаяндық кітапты жас ұрпаққа тағылым болар туынды деп есептейміз.
Баян МҰХАМБЕТӘЛИЕВ,
Мәдениет қайраткері
АСТАНА
…мақтан тұтады
Дертке – шипа, жанға – қуат
Сарыарқаның төсінде сары қымыз сапырып, бабадан келе жатқан ата кәсіпті жандандырған «Сағып» шаруа қожалығын өңір тұрғындары ғана емес, көршілес елдердің тұтынушылары да жақсы біледі. Дертке – шипа, жанға – қуат ұлттық сусын – қымыз өндірісін өркендету жолында тер төгіп жүрген шаруашылықтың тасы бұл күнде өрге домалап тұр. Шаруашылықтағы Қамбар ата тұқымының саны 400-ден асқан. Бұдан бөлек, жүзден аса ірі қара бар.
Бүгінгі күні «Сағыптың» өнімдері шекараның арғы жағындағы тұтынушылардың да жоғары бағасын алып үлгерді. Павлодарлық кәсіпорынның қымызы мен құрты Ресей және Қытай мемлекеттеріндегі сауда орындарында сатылымға шығарылды. Осы уақытқа дейін шаруашылық Астана қаласында өткен «Қараөткел» көрмесінің алтын медаль иегері, Якутиядағы «Қымыз құдайлар сусыны» халықаралық байқауының жеңімпазы атанып, 2013 жылы «Қазақстанның ең үздік тауары» байқауында үшінші орынды еншілеген. Осылайша, заманауи құралдар көмегімен әлемдік талаптарға сай қымыз өндіретін «Сағып» шаруа қожалығы биік шыңдарды бағындырып келеді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Павлодар облысы
…алғыс айтады
Кішкентай жұлдыздар қуанышы
Ертіс жағалауында «Ақшың» корпорациясының демеушілік көрсетуімен семейлік бүлдіршіндер зор қуанышқа кенелді. Нақты айтқанда, 322 балақан мерекелік концерт көріп, өздері де өнерлерін ортаға салды. Олардың барлығы да қаламыздағы ән-би студияларынан өнерлерін шыңдап, халықаралық, республикалық өнер сайыстарынан жүлдемен оралып жүрген жас таланттар. «Тек қана жұлдыздар» деген атпен мерекелік концерт өткізудегі мақсат – Семейде халықаралық, республикалық деңгейдегі өнер байқауларына барып, Гран-при және жүлделі орындармен оралып жүрген талантты балаларды қала жұртшылығына кеңінен таныту. Шараның ойдағыдай өтуіне үлкен қолдау көрсетіп, арнайы безендірілген сахна жасатып, 300-ден астам балаға мерекелік көңіл күй сыйлаған «Ақшың» корпорациясының басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Құрманбай Марат Серікжанұлына осында келген ата-аналар мен балалардың атынан зор алғысымызды айтамыз.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы