Елордадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында 9 жастағы қыз бала суға батып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оқыс оқиға орын алғанын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен растады.
«Баланың суға батып кеткеніне қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 141-бабы (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.
Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев та жағдайға байланысты түсініктеме берді.
«Бүгін орын алған қайғылы оқиғаға байланысты біріншіден ата-анасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. «Хан Шатырға» жазғы сауықтыру лагеріндегі мектеп оқушылары барған. Жылда «Хан Шатырға» балалар осылай барып тұрады. Оған барғанда мектеп тарапынан, сонымен қатар «Хан Шатырдағы» нұсқаушылар тарапынан баланың қауіпсіздігіне байланысты барлық шаралар дұрыс орындалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді ол.
Басқарма басшысының орынбасары қайғылы оқиғаның қандай себептерден орын алғандығын қазір нақты айту қиын екендігін атап өтті.
«Тергеу шаралары аяқталғаннан кейін осы оқиғаға қатысты қосымша ақпарат хабарлайтын боламыз. Қаза болған бала №10 мектептің 1 бірінші сынып оқушысы. Жазғы лагерге ата-анасының өтінішімен жазылған. Ата-аналар балаларын «Хан Шатырдағы» бассейнге апаруды өтінген. Бассейнге балаларды мектеп мұғалімдерімен бірге бірнеше ата-ана да апарған, сонда болған. Жалпы бассейнге 200-дей бала барған», - деді Д.Жекебаев.