АҚ ЛӘЙЛЕК Жылғаларым жыр жолындай жатты ағып, Келемін мен бір аруға хатты алып. Сары түсті сағынышым әлі де, Жанарымда қалған екен сақталып. Бір кездері ұшып кеткен бағынан, Қайта оралды құстар бүгін салып ән. Көктем бейне күліп тұрған сұлу қыз, Гәуһар сезім төгілетін жанынан. Күміс қанат құстар келді бізге де, Бұдан асқан көркем ләззат іздеме. Көктем неге ақындарға мейірбан, Адамзатқа қатал екен күз неге?!. Құспен бірге үміт келді өлеңге, Түнде туған жақсы жырға сәлем де. Жылғалардың жауһарына елітіп, Гүлдер сезім жайлы айтады төменде.
Көктем кеші таңдайыма тәтті ой кеп, Тәтті ойларды қабыл алдым пәк қой деп. Сол аруға сәлем айтып қойыпты, Арманымды бұрын білген ақ ләйлек. Ақ ләйлегім, арманымды алып ұш, Алып ұшып сыйла маған тағы күш. Өртенбесін өзектегі өлеңім, Сарқылмасын көзімдегі сағыныш.
* * *
Қайта айналып келер ме екен дәуренім, Күндерімді қайтара алмай әуремін. Шабыт буған шақтарымды сағынам, Тұнығынан қанып ішкен сәуленің. Түу қиырдан естіледі бір сарын, Көз алдымда күміс түстес кіл сағым. Гәуһар кештің көрігінде ой балқып, Өлең қылып өретін кез гүл сәнін.
Жырлайтын шақ арулардың арманын, Ұрлайтын сәт табиғаттың таңдарын; Ол бір дәурен дидарында қоңыр мұң, Қоңыр мұңның татып көрген бал дәмін. Өкінішті емес бірақ бұл күндер, Алаулы таң, гәуһар кештер, гүл түндер. Шуағынан шабыт өріп жататын, Жанарыма жаһұт құйған шіркіндер. Келмейді ғой, келмесе енді келмесін, Шәрбатына шабыт шіркін шөлдесін. Ұмытпасын мен сияқты ақынын, Ұмытпасын мен сияқты пендесін.
КҮЗГІ БАЯН
Күрең күз, бір ақынға жанын ашар, Көңілді қоңыр салқын әні басар. Көктегі құстың күйі белгілі ғой, Жердегі жапырақтың халі нашар. Көбелек жоқ қызыққан гүл дәміне, Көңіл қимас көктемгі күнді әлі де. Бұлт көзінен тамады аяулы жас, Кәрі қурай салады мұңды әніне. Ән салады, бірақ та күрсінбейді, Жанарынан жас ағып тұрсын мейлі. Бұтақты пана көрген бозторғайдың, Жұдырықтай жүрегі дүрсілдейді. Бұрымын өріп күздің бұла таңы, Салқын түсті сәулені ұнатады. Жұмбақ қыздың жанары мұңға бөлеп, Жетім құстың жүрегі жылатады. Қарапайым заңы осы тіршіліктің, Қалтылы қасіреттей бір шыбықтың. Сүмбіле туған күні көл мұңайып, Жатады ұлылықпен күрсініп құм.
Мезгіл мұңын арқалап құба далам, Топырағын түлетіп бір аунаған. Құс сияқты қасірет шекпейді ақын, Себебі оның тілін ұғады адам. Күзгі баян... ескі мұң есімдегі, Білдірді қызыл гәуһар кешің нені... Жазылмай қалып кетті жанарыңда Жұмбақ боп қоңыр өлең бесіндегі.
ҚАРА АҒАШ
Өмір қызық, бақ пен соры аралас, Бұл бір базар мәңгілікке тарамас. Алғаш рет хат жазғанмын түбіңде, Тамырымды танығанда қара ағаш. Жанымда едің бара қалсам қайда да, Сыр айтқансың сезім жайлы жәй ғана. Бала ақын боп жүрген шағым аяулы, Қара шашты қарап тарап айнаға. Үмітіме үкі таққан ұяңым, Сезіміммен саған ғана сыямын. Жапырағыңнан жыр оқыған көңіл-ай, Бұтағыңды қалам қылған қиялым. Кірбіңі жоқ көңіліме кез келдің, Сенде тұрып сұлу қызға сөз бердім. Алғаш рет өлең жазған шағымда, Өмір жайлы ойға түсіп, өзгердім. Білесің сен бақыт жайлы хатымды, Түсінгенсің бала қиял ақынды. Енді ұмытпа, қайсар мінез қара ағаш, Қара кітап құшақтаған сәтімді. Қара ағашым – көзімдегі қарашық, Көңілімде күмбірлі күй таласып. Өзің алғаш таныстырған күнімнен, Қара өлеңмен кете бардым жарасып. Одан кейін қара қасты жыр еттім, Тамырыма қара түсті гүл ектім. Енді бүгін сезіп тұрмын ,қара ағаш, Сенде қалып кеткендігін жүректің.
БАҚЫТ
Өлеңімді ойып жазып құмға мен, Жаңбырлы түн жылап ақтым жылғамен. Баяны жоқ дүниенің көзінде, Бармақтай бір бақытымды бұлдап ем. Мені көріп күрсінеді көктем де, Бақыт жайлы сыр айтады өткенге. Бұлдап жүрген сол бақыттың түрі де, Басқаша еді мен ауылдан кеткенде. Уақытты ешкім тұрмайды екен тоқтатып, Күндер өтер өрнегімен жоқтатып. Құмға жазған сол өлеңнің ішінде, Енді бүгін бұлдайтұғын жоқ бақыт. Бәрінен де жалыққан ғой жарықтық, Ал біздер ше? Бақыт іздеп зарықтық. Ол біреуді алып қылған кезінде, Ол біреуді жібереді ғаріп қып. Құм көшеді біз жүретін жолға тік, Жаңбыр төкті сезімімді сорлатып. Өлең қайда, Өлең қайда деймін мен, Егер содан аман қалса, сол бақыт...
АҚЫРАП
Аспанда ақ бұлт баяу ғана жүзеді, Жанарынан мөлдір тамшы үзеді. Сүмбіленің сыры қандай бір жұмбақ, Бұл жұмбақты алып келген күз еді. Әйбат қана әлдилеп тұр мұң мені, Осындай күй тебірентті күндегі. Қалтырайды жапырақтың жаны да, Кеңістікте дірілдейді гүл демі. Салқын тартқан Ай сәулесін мол іштім, Қара ағаштың қайғысымен бөлістім. Таң шығымен ұшқын түсті кеудеме, Жүрегімде жыр ойнатты сол ұшқын. Сарғайғанмын күздің жырын жазғалы, Гүлдей сезім нілдей болып боздады. Салқын ғана сыбырлаған сүмбіле, Көңілдегі күрең бұлтты қозғады. Арман кештім ақыраптың түнінде, Аяулы ән бар мұңға ғашық гүлінде. Басқаларға білінбеген бір сәуле Күрсінеді жүрегімнің түбінде.
* * *
Бұлтын жыртып алып тұнық аспанның, Жүрегіме жастандым. Жанарыма жарық сәуле сыйлаған, Жұлдыздардың жарығынан басталдым. Тамырымда тағдыр жайлы ой балқыды, Қиялымнан қоңыр өлең қалқыды. Танау жарған боз қыраудың иісі, Таңға қарай шабыт болып шалқыды. Ұзақ толғап таңда туған хош үміт, Ізі жатыр жанарымда жосылып. Өмір іздеп өлең кетіп барады, Жұлдыздардың сәулесімен қосылып. Сол сәулелер саз қылады сырымды, Ән салады нәзік гүлдер бұрымды. Биік құздың алқымына шөккен бұлт, Сол қалпында аяқтайды жырымды.
* * *
Қалқам, жаңбыр жаумай қойды-ау, жаумады, Көрдің бе анау күрең бұлтты таудағы. Жырымды аяп жүрсің-ау сен күрсініп, Ақ ләйлектер өзге жаққа ауғалы. Ұшты ма екен барғысы кеп жұмаққа, Әні бар ма біз білмейтін бұлақта. Жүрегі осы жоқ па мынау аспанның, Біз жүрексіз емеспіз ғой бірақ та. Біз жаңбырсыз өткіздік те бұл түнді, Ақ ләйлектер арман болып бұлқынды. Жұбатуға жолға шықтым бүгін мен, Тауға барып жылап тұрған бұлтымды. Бұдан басқа көңіліме келмеді ой, Сезіміме көрсетпедің сен де бой. Бұлттар таудан өлең іздеп жүр ме әлі, Өлең дейтін ол жақта емес, менде ғой. Менің осы көңіліме не дейсің?!. Не десең де жанымды кеп жебейсің. Өлең менде... Қалқам басқа сөзім жоқ, Бұлтты көрсең, өлең мұнда дегейсің!
* * *
Топырағым тереңдікті нұсқадың, Албырт едім басылмаған құштарым. Ауылыма келген кезде алқынып, Қарсы алатын мені әуелі құстарым. Жүрегімде жарқыл қағып бір үміт, Көңіліме құстар жатты гүл іліп. Қыр басында құлпытас боп қап қойған, Әжем келе жататындай тіріліп. Кеудем іші толқып аққан толы ағыс, Ол ағысты еңсеруге жол алыс. Өзім алғаш өлең жазған теректің Түбінде отыр жұдырықтай бала құс. Бұл менмін ғой... Менмін ғой бұл қарашы, Осы тарпаң топырақтың баласы. Кіді мінез болып кетсем кейіннен, Ол өлеңнің өрті шығар, шамасы. Сол құстар ғой биіктікке шақырған, Қиялымды кеңістікке матырған. Ал бала құс көңілімнен кетпейді, Сүттей таңды сезімімен атырған. Құстар мені қарсы алады биік деп, Қанатына маржан өлең түйіп кеп; Бірақ биік емеспін ғой, жердемін Тым болмаса жанарымнан сүйіп кет.
БЕЙКҮНӘ БАЛЛАДА
Жайым осы жусаннан аласамын,
Ойыммен түнді кезіп, таң асамын.
Көзім жұмсам келеді көз алдыма,
Бақыт жайлы аңсаған бала шағым.
Жаныммен жақсы көріп таң самалын,
Кеудемде күй боп тұнды қаншама ағын.
Өткізбей қойды бірақ талай өткел,
Жеткізбей қойды әйтеуір аңсағаным.
Кеудемдегі сағыныш басылмады,
Алдап кеткен арман ба жасымдағы.
Түн баласы тынышым кете берді,
Жанымнан жұмбақ арал ашылғалы.
Шуақты күн шұғыла шашады алдан,
Бірақ кей үміт көзден таса болған.
Қамсыз күн қадіріңді кім біліпті,
Қиялмен ғажап ғалам жасап алған.
Бірақ ол ғаламнан мен кеткен едім,
Жанға байлап тағдырдың текті өлеңін.
Содан бері мұңайып талай рет,
Талай рет өзіме өкпеледім.
Биік болғам бір кезде бетегеден,
Сол қимастық өткенді етеді өлең.
Қайран уақыт қиялды құрықтамай,
Өткен шаққа көңілді жетелеген.