Қазақстандықтар біртіндеп доллардан ұлттық валютаға ауысып келеді. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев осылай мәлім етті, - деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықтың теңгеге деген сенімі күшейіп келеді. Мәселен, қаңтар-ақпан айларында теңгемен сақталатын депозиттердің жалпы көлемі 0,3 пайызға өсті. Ал шетелдік валютаның депозиттері 11,5 пайызға азайды», - деді Ақышев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, заңды тұлғалардың шетел валютасымен сақтап отырған депозиттері 45,8 пайызға дейін төмендесе, жеке тұлғалардың валюталық депозиттері 58,8 пайызға дейін түсті. «Ал ел экономикасын несиелендіру мәселесіне келер болсақ, биыл қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда, берілген несиелердің көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Осы орайда заңды тұлғалар үшін теңгемен берілген несие ставкасының 14,3 пайызға төмендегенін атап өткен жөн. Бұл - 2015 жылдың тамызынан бергі ең төменгі ставка», - деп атап көрсетті бас банкир.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алғашқы үш айдың қорытындысы қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бүгінде xалықтың несиені теңгемен көптеп ала бастағаны байқалады.