01 қаз, 2018 сағат 09:41

"Халықтың тапқан табысы базарға дейінгі жолына кетсе, ондай жұмыстың мәні жоқ"

«Өзін-өзі жұмыспен қамтуды қолдайтын болсақ, онда ол экономикалық тұрғыдан ақталу керек», - деген Азат Перуашев шалғай ауылдардағы кәсіпкерлерін салықтан мүлдем босатқан өзбек елінің тәжірибесін мысал етті.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжілісте өткен жұмыспен қамту саласының мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда: «Өзін-өзі жұмыспен қамтуды қолдайтын болсақ, онда ол экономикалық тұрғыдан ақталу керек», - деп мәлімдеді.

«Сауда айналымсыз, қаржылай кіріссіз, өзін-өзі жұмыспен қамту – бұл экономика емес, бұл салық төленбейтін, қосымша құн өндірмейтін, натуралды шаруашылық. Осыны насихаттау - XXI ғасырда, яғни цифрландыру мен төртінші индустриалды революция заманында, XIX ғасырдағы классиктер Үндістан үлгісінде «Өндірістің Азиялық әдісі» деп атаған қарабайыр (примитивтік) экономикаға тарту», - деді депутат.

Халық қалаулысының сөзіне сүйенсек, еліміздегі «жұмыспен қамту» ұғымының экономикалық мағынасы артта қалған. Мәселен, адам өндірген өнімін (көкөністі, ет пен сүтін) сататын жері қол жетімді болса, өзін жұмыспен қамту да, микро-несиелендіру де ақталады. Ал, тапқан табысы, базарға дейінгі жолына кетсе, ондай жұмыстың ешқандай экономикалық мәні жоқ. Оның үстіне Қазақстанда логистикалық шығындар кез-келген шағын өндірісті жойып жіберуге қауқарлы.

«Ақ жол» парламенттік фракциясының жетекшісі: «Микро-несиелендіру – жаңалық ретінде Бангладеште пайда болды. Ал онда халықтың тығыздығы бір шаршы шақырымға 1142 адамнан келеді. Яғни олар өз өнімдерін дәл үйінің жанында тұрып-ақ беймарал сата алады. Ал, бізде халықтың тығыздығы – бір шақырымға - 6 адам, яғни 190 есе аз, және микро-несиелендірудін тиімділігі де дәл осындай мардымсыз.

Осы орайда, «бұл жағынан бізге өзбек елінің тәжірибесі үлгі болуы мүмкін. Олар шалғай ауылдардағы кәсіпкерлерді салықтан мүлдем босатқан», - деп ашық айтты.

Перуашевтің пікірінше, егер микро-несиелендіру ірі қалаларда өзін ақтайтын болса, ал қалалық агломерацияның сыртында ол экономикалық емес, тек әлеуметтік құралға, қайырылымдыққа жатады.

Бізде қалай, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың критериі бұлыңғыр болғандықтан, бұл топқа қаражаты жоқ адам да, қолда бар табыстарын әдейі жасыратын адамдар да кіруі мүмкін.

«Жағдайы бар, бірақ «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін «пысықтарға» адал жұмыс істейтіндердін арқасында күн көруге жол бермеуіміз керек», - деді бұл мәселеге өз алаңдаушылығын білдірген «Ақ жол» жетекшісі. Олармен жұмыс істеу үшін әртүрлі тәсіл қажеттігіне назар аударды.

Естеріңізге сала кетейік, кезінде көлік салығына жеңілдіктерді алып тастау кезінде, ең қымбат джип пен лимузиндер жұмыс істемейтіндердің атына жазылғаны анықталған болатын.