Мемлекетімізді бақуатты елге айналдырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту - ұлттық стратегиямыздың басты мақсаты. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Тәуелсіздік жылдарында жалпы ұлттық бірлік рухын күшейттік. Төрткүл дүниеде болып жатқан өзгерістерге қарасақ, мұның аса маңызды екенін жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда әлем қоғамдастығы соңғы 50 жылдағы ең күрделі сенім дағдарысын бастан өткеруде. Бұл - тұрақтылық пен ынтымаққа қауіп төндіретін үрдіс», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті азаматтар мен мемлекет институттары арасындағы қарама-қайшылықтар да ушығып тұрғандығына баса назар аудартты.
«Күллі әлем жұртшылығы тұрмыс сапасын жақсартуды, тең мүмкіндіктер беруді және мемлекеттің ашықтығын талап етуде. Қазақстан – осы әлемнің бір бөлігі. Сондықтан бұл мәселелердің біздің елімізге де қатысы бар. Осындай жағдайда жалған ұрандарға сенген елдің береке-бірліктен айырылғанына куә болып отырмыз. Сондықтан жағымсыз әрекеттерге дер кезінде назар аударып, халықтың мүддесіне сай саясат жүргізу өте маңызды», - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен еліміздің тұғыры әрқашан мықты болуы керектігін баса айтты.
«Ал, бұл халқымыздың татулығына байланысты. Бірлік бар жерде тірлік бар. Мемлекетімізді бақуатты елге айналдырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту – ұлттық стратегиямыздың басты мақсаты», - деді Мемлекет басшысы.