Фото: Freepik
Бүгін – халықаралық акушерлер күні. Бұл кәсіби мереке 1987 жылы ұсынылып, 1992 жылы ресми түрде мойындалған болатын. Қазіргі таңда елімізде 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді. Осы орайда Ult.kz тілшісі еліміздегі акушерлерік мекемелерді анықтап көрді.
Алдымен айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі айтулы мерекемен кәсіп иелерін құттықтады.
«Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды – акушерлерді құттықтаймыз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады және әрбір осы кереметтің артында акушерлердің еңбегі, қамқорлығы мен біліктілігі жатыр. Олар болашақ аналарды перзентханаға түскен сәттен бастап шығарылғанға дейін қамқорлық жасап, тек медициналық емес, моралдық қолдау да көрсетеді. Бұл – әйелдер мен олардың сәбилері үшін ең толқынысты әрі маңызды сәттерде жанында болатын нағыз қаһармандар», – деді министрлік.
Қазақстандағы акушерлер қызметі ана мен бала денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұл салада акушер-гинекологтар, акушерлер, неонатологтар, педиатрлар және орта медициналық қызметкерлер бірігіп жұмыс істейді. Олар жүкті әйелдерді бақылаудан бастап, босануды қабылдауға, босанғаннан кейінгі кезеңде көмек көрсетуге және отбасын жоспарлау мәселелеріне дейінгі кең ауқымды қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар профилактикалық тексерулер мен скринингтерге де жауапты.
Қазақстанның барлық өңірлерінде акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету ұйымдары жұмыс істейді. Алматы қаласында орналасқан Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы (АГжПҒО) – Қазақстандағы ең ірі ғылыми және медициналық мекемелердің бірі болып табылады. Орталық жүкті әйелдерге, босанған аналарға, гинекологиялық науқастарға және жаңа туған нәрестелерге жоғары мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетеді. Орталықта жыл сайын 7 мыңнан астам қауіптілігі жоғары жүкті әйелдер мен гинекологиялық науқастарға жоғары мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетіледі. Қабылдауды профессорлар, медицина ғылымдарының докторлары, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары біліктілік санаты бар дәрігерлер жүргізеді.
Атырау облыстық перинаталдық орталығы – жүкті әйелдерге, босанған аналарға, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мекеме. Орталықта 250 төсек-орынға арналған құрылым жұмыс істейді, оның ішінде жүкті әйелдер патологиясы бөлімі – 60 төсек-орын, босанғаннан кейінгі бөлім – 110 төсек-орын, гинекология бөлімі – 35 төсек-орын, жаңа туған нәрестелер патологиясы және ерте кезеңдегі күтім бөлімі – 40 төсек-орын (оның ішінде 2 төсек-орын неонаталдық хирургияға арналған) бар. Ал жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімі – 16 төсек-орын, ересектерге арналған реанимация және интенсивті терапия бөлімі – 8 төсек-орын, күндізгі стационар және реабилитация бөлімі – 20 төсек-орын бар. Орталықта сондай-ақ медико-генетикалық кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.
Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы – жоғары мамандандырылған медициналық мекеме. Оның ішінде жүктілік патологиясы бөлімі жоғары қауіпті жүктіліктерді бақылау және емдесе, ересектер жан сақтау бөлімі қажет болған жағдайда ана мен баланы жан сақтау қызметін көрсетеді. Ал гинекология бөлімі әйелдер ауруларын емдеу және бақыласа, нәрестелер патологиясы бөлімі жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетеді. Нәресте жан сақтау бөлімі – шала туылған немесе ауыр жағдайдағы нәрестелерге реанимациялық көмек көрсетсе, ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) бөлімі – бедеулікті емдеу және репродуктивті технологиялар, медициналық-генетикалық кеңес беру бөлімі – тұқым қуалайтын ауруларды анықтау және кеңес беру қызметін ұсынады. Сондай-ақ, ерте араласу орталығы 200 балаға оңалту шараларын ұйымдастыра алады. Бұл мекемеде жыл сайын 8200-ге дейін нәресте туылып, 13 000-нан астам пацинет емделеді. Ал ЭКҰ жасалатын жылдық орташа саны – 130, 50-ге дейін туа біткен сырқаты бар нәрестелерге жасалатын операциялар жасалады. Ал «Бір күндік клиника» жобасы аясында тексерілген әйелдер саны 6 000-нан асады.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығы жүкті әйелдерге, босанатын аналарға, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Орталықта 165 төсек-орындық стационар және 34 ведомстводан тыс төсек-орын бар. Орталықта сондай-ақ амбулаторлық-емханалық қызметтер, зертханалық диагностика, ультрадыбыстық зерттеу, анестезиология және реанимация қызметтері көрсетіледі. Барлық қызметтер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығы ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған жоғары мамандандырылған медициналық мекеме. Орталықта келесі бөлімдер жұмыс істейді: жүктілік патологиясы бөлімі, босану бөлімі, ота жасау бөлімі, босанудан кейінгі акушерлік бөлімдер, анестезиология-реаниматология және қарқынды терапия бөлімі, нәрестелер интенсивті терапия және реанимация бөлімі, нәрестелер бөлімі, нәрестелер патологиясы бөлімі, гинекология бөлімі, клиникалық және бактериологиялық зертханалар жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта медико-генетикалық орталық, күндізгі стационар және әйелдер консультациясы қызметтері ұсынылады.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы – жоғары мамандандырылған медициналық мекеме. Орталықта барлығы 530 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 29 дәрігер және 277 орта буынды медициналық қызметкерлер бар. Оның ішінде 11 жоғары санатты дәрігер, 15 бірінші санатты дәрігер және 3 екінші санатты дәрігерлер қызмет етеді.
Ақбота Мұсабекқызы
