Ақынның таңғы сағат 04:00 шамасында Қаскелеңдегі үйінде ауыр науқастан қайтыс болғанын Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов хабарлады.
Исраил Сапарбай – Қазақстанның халық жазушысы, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, нәзік лирикасымен танылған ақын, драматург әрі талантты композитор.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халық жазушысы Исраил Сапарбайдың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
«Исраил ағамыз – нәзік лирикасымен, сырлы да сазды жырларымен қазақ поэзиясында өз өрнегін қалдырған ерекше тұлға еді. Оның өлеңі – елдің үні, әні – халықтың жүрегіне айналды», – деп жазды министр.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстан Самарқанд облысы Кушрабад ауданында дүниеге келген.
Шымкент педогогикалық институтының филология факультетін бітірген соң бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген.
1973—1975 жылдары Алматы Жоғары партия мектебін бітірді.
1976—1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарыл, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан.
1984 — 1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі
1985 — 1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары
1997 — 1998 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің I хатшысы
1998 — 1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшіліғінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы « Көктем тынысы» ұжымдық жинағын-да жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Шығармалары
Аққу арман. А., «Жалын», 1976; Раушан ғұмыр», А., «Жалын», 1978; Бозқараған. А., «Жалын», 1980; Қызыл-жасыл дүние. А., «Жалын», 1984; Жүрегіме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қызыл жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998; Ғашықтың тілі. Өлеңдер, А.; Бармақтай бақ. Өлеңдер. А., «Рауан»; Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер. А., «Атамұра»; Тар төсекте төсіңді. А., «Дала».
