Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуда. Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Aiqyn» газетіне берген сұхбатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
– Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құзыретін тоқтатуы, шын мәнінде күтпеген жағдай болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Мемлекет басшысы бірінші рет ауысты. Еліміздегі биліктің өзгеруін қалай бағалауға болады?
– Расында, Қазақстан үшін биліктің ауысуы тың тәжірибе еді. Жаңа Президенттің сайлануы Ата заңымызға сәйкес жүзеге асырылды. Бұл тәуелсіз еліміздің демократиялық негіздері кемел әрі берік екенін дәлелдеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – аса көрнекті саясаткер, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық бағдарының сабақтастығын жалғастыра отырып, қол жеткізген жетістіктерімізді одан әрі арттыруға күш салуда. Демек, биліктің ауысуы 2019 жылдың 9 маусымындағы жалпыхалықтық Президент сайлауын өткізу арқылы табысты аяқталды деп айта аламыз. Мемлекет басшысы халықтың толық сеніміне ие болып, билік мандатын алды.
Қазақстан Президенті өз қызметінің кредосын ұлықтау рәсімінде «Билік халық үніне құлақ асуға, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Құрғақ уәде бермей, жұмыс істеуі керек! Осы қағидатты Үкіметтің барлық мүшесі және әкімдер берік ұстануға тиіс» деп анық атап өтті.
– Сайлаудан бері біршама уақыт өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдында берген уәделерін қалай жүзеге асырып жатыр?
– Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында елімізді одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары жөнінде өз ұстанымдарын ұсынды.
Сайлаудағы жеңіс Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынған бағытын қоғамның толық қолдайтынын көрсетті. Сайланған Президент халыққа берген уәдесін орындау үшін жұмысқа бірден кірісіп кетті.
Қысқа мерзім ішінде сайлауалды бағдарлама мен «Бірге» жалпыұлттық шара барысында азаматтар тарапынан түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекіткен Жарлық қабылданды. Аталған құжат мемлекетті және қоғамды одан әрі жаңғыртуға бағытталған нақты 106 міндет пен шараны қамтыды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімінде бірқатар жаңа идеяны айтқан болатын. Оның бәрі Президенттің жыл бойғы атқарған жұмысында анық көрініс тапты. Соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бастамаларын атап өткім келеді. Қазір байқасаңыз, шын мәнінде халықтың үніне құлақ асатын, елдің арыз-арманын тыңдап, жедел жауап беретін, мәселелерін шұғыл қарастыратын мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді.
Президенттің Ақорда сайтында Виртуалды қабылдау ашуы тағы бір маңызды шешім болды. Бүгінге дейін оған 9 мыңға жуық хат келіп түсті. Бұл хаттарда жазылған талап-тілектер мен шағымдарға айрықша мән берудің арқасында көптеген азаматтың мәселесі шешілді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысы жақсарды.
– Мемлекет басшысының жұмыс стилі мен ұстанымдарын қалай сипаттар едіңіз?
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметін атқарған бір жыл ішінде жүйелік, жеделдік, нақтылық, бастамашылдық сияқты ұстанымдарды басшылыққа алатынын көрсетті.
Президент жоғары мемлекеттік лауазымдағы алғашқы жұмыс күнінен бастап өз қызметінің негізгі бағыттарын белгіледі. Ол елімізде болған барлық маңызды оқиғаға дер кезінде назар аударып, Қазақстан азаматтарына билік пен қоғамның біртұтас екенін дәлелдеді. Еліміздің бүкіл өңіріне бірдей көңіл бөлінді және отандастарымызды алаңдатқан бірде-бір өзекті мәселе назардан тыс қалмады.
Мұның бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Президенті ретінде қызметіне кіріскен сәттен бастап жұмысының өте қызу болғанын және оның нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталғанын аңғартады.
– Мемлекет басшысының жұмыс кестесінің өте тығыз екенін білеміз. Бір жыл ішіндегі Президент қызметінің жалпы нәтижесі қандай?
– Дұрыс айтасыз, Президенттің былтырғы жұмыс кестесінің өте тығыз болғанын қарапайым статистикалық мәліметтерден-ақ көруге болады. Ол бір жылда 67 заңға, 357 Жарлыққа, 158 өкімге қол қойды.
2019 жылдың наурызынан бастап Мемлекет басшысы 500-ге жуық түрлі іс-шараға қатысты. Соның ішінде 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауы ерекше орын алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде 26 жұмыс сапарын жасап, бүкіл өңірді аралап шықты. Ал сыртқы саясат бойынша Президенттің қатысуымен 100-ден астам кездесу мен іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы бір жыл ішінде еліміздің өңірлерінде – 30, шетелде – 28, жалпы 58 күн іссапарда болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының масс-медиамен ықпалдастығын ерекше атап өткен жөн. Бір жыл ішінде ол шет мемлекеттердің және халықаралық ұйым басшыларымен бірлесіп, 3 баспасөз мәслихатын, 8 брифинг өткізді. Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне 18 сұхбат берді. Газеттерде екі мақаласы жарыққа шықты. Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық хабарламасы және Instagram-да 72 жазбасы жарияланды.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы – Президенттің ең маңызды бастамасының бірі. Осы кеңес жұмысының алғашқы нәтижелері ретінде нені айтуға болады?
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – еліміздегі түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастама. Бұл ұйым мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін жаңа әдістер әзірлейтін алаңға айналды. Бүгінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің билік пен қоғам арасында диалог орнату бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нақты нәтижелері анық байқалады.
Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің жұмысын әрдайым бақылауда ұстайды және оның мүшелерімен ақылдасып отырады. Осыған дейін Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 21 мүшесімен жеке-жеке кездесу өткізді.
Кеңестің желтоқсан айында өткен екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды реформалар ұсынды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы партияларды тіркеуден өткізу шегін 40 мыңнан 20 мың адамға азайтуды, парламенттік оппозиция институтын енгізуді, Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабын қылмыстық деп танымау жөнінде шешім қабылдауды, партия мүшелерінің 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы қажетін айтты. Сондай-ақ заң шеңберінен шықпайтын бейбіт шерулерге рұқсат беру мәселесі де қолға алынды. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы – Парламент Мәжілісінің қарауында.
Президенттің Үкіметке жүктеген міндеттері алдағы уақытта мемлекеттік аппарат пен әлеуметтік саясатты жаңғырту жөніндегі барлық жұмыстың лейтмотиві саналады. Бұл – аса маңызды. Өйткені «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру міндеті дәл осы мемлекеттік аппаратқа жүктеледі.
– Президенттің отандастарымызды алаңдатқан мәселелерге, оқиғаларға дер кезінде жауап беруі халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетінін, еліміздің тыныс-тіршілігін ұдайы бақылап отыратынын көрсетеді. Соңғы оқиғалардың арасынан Президент бірден үн қатып, шұғыл шешім қабылдаған мәселе деп қайсысын айтар едіңіз?
– Шын мәнінде, өткен кезең түрлі оқиғаларға толы болды. Бүкіл қоғамның жұдырықтай жұмылуын талап ететін күрделі сынақтар мен қиыншылықтарды бастан өткердік.
Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру ісі халық пен Мемлекет басшысының бірлігін анық көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатқан Арыс қаласындағы жарылыс болған жерге сол күні кешкісін өзі арнайы барды. Зардап шеккен тұрғындардың ахуалымен танысып, оларға жан-жақты қолдау көрсетті. Президент уәде еткендей, қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жаңартылды. Арыс қаласының халқы Президенттің тікелей қамқорлығын сезінді.
2019 жылдың аяғында Алматы қаласының маңында болған ұшақ апаты да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Ол қазаға ұшыраған азаматтардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуді, апат жағдайының себептерін тексеруді тапсырды.
Президент биылғы ақпан айындағы Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған оқиғаға да айрықша мән берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл төтенше жағдайға дереу назар аударып, ымырашылдық рөлін өз қолына алды және қоғамдық келісімді нығайтты.
Мемлекет басшысы Алғыс айту күні Қордай ауданына барған жұмыс сапарында жергілікті тұрғындармен, соның ішінде дүнген қауымының өкілдерімен кездесті.
Қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында дербес мемлекет құра білгенін атап өткен Президент, оның шын мәнінде мемлекет құраушы ұлтқа айналғанын айтты. Бұл еліміздің болашағы үшін әрбір азаматқа ерекше жауапкершілік жүктейді. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті ақсақалдарды жастардың тәрбиесіне белсенді атсалысуға, жас буынның санасына бірлік пен қоғамдық келісім идеяларының мәнін сіңіруге шақырды.
Ол тұрғындарға әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты қолдау көрсететінін және барлық тергеу шарасы әділ жүргізілетінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы барлық этникалық топтың жастары өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып, қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, қазақ тілін үйренуге және Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қадірлеуі тиіс екенін айтты.
Әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты аса ауқымды шаралар қабылданды. Осы ретте Президент батыл қадамдар жасады, соның ішінде қазақстандықтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміздің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізді.
– Әлеуметтің әлеуметтік жағдайын, халықтың тұрмысын арттыру – Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттар. Дегенмен осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айында жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және халықпен кері байланысты күшейтуге негіз болды.
Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін енгізу бастамасы да аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарға тың серпін берді. 2019 жылы 485 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл – 2,5 миллион адам деген сөз.
Осы ретте «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойылып, оның жүзеге асырылуы әлеуметтік бағыттағы ауқымды жұмыстың атқарылуына себеп болды. Нәтижесінде, 555 мың азаматтың 300 мың теңге көлеміндегі берешегінің қарыз жүктемесі төмендетілді, 1,2 миллион адамның айыппұл мен өсімпұлдары кешірілді. Бұл шараларға 149 миллиард көлемінде қаржы бөлінді.
– Мемлекет жастарды қолдауға байланысты қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Жастар – еліміздің болашағы, келешегіміздің кепілі. Сондықтан Президент жастарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мұны Жастар жылының қорытындысынан көруге болады. Мысалы, жұмыс істейтін жастарға 9 мың пәтер берілді, 5 мың адам мемлекеттік грант алып, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алды, 10 мың жас бизнесмен, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлер микрокредиттер есебінен өздерінің өндірісін кеңейтті.
Шәкіртақының 25 пайызға көбеюі білім алып жатқан жастарға үлкен қолдау болды деп ойлаймын. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқып жатқан 230 мың студент бұл бастаманың игілігін көрді. Мұндай жұмыс Волонтер жылында да жалғасып, жастарды қолдаудың жаңа бағыттары іске асатын болады.
Мемлекет басшысының Жастар кадрлық резервін құру бастамасын қоғам жақсы қабылдады. 13 мың үміткердің арасынан білімі мен білігі сай 300 азамат іріктеліп алынды. Бүгінде оның 132-сі қызметке тағайындалды. Осылайша, ел басқарудың жаңа толқынын дайындаудың алғашқы қадамы жасалды.
– Президент экономиканы дамытудың негізгі бағыттары ретінде қандай жұмыстарға басымдық беріп отыр?
– Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде көптеген маңызды бастаманы қолға алып, бірқатар нақты міндет жүктеді. Айталық, Қазақстан халқына арналған Жолдауында еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттырып, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға немесе одан да асыруды міндеттеді.
Президент мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін, монополистер белгілеген бағаны қайта қарауды, салық жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлының микро және шағын бизнес өкілдерін үш жылға тексеру және салықтан босату туралы шешімі кәсіпкерлердің арасында үлкен қолдауға ие болды.
2020 жылдың басынан басталған әлемдік нарықтағы айтулы оқиғалар да бізді сын тезінен бір өткізіп алды. Осы наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшылығымен шұғыл кеңес өткізіп, жаһандық экономиканың құлдырауына қарамай, ел экономикасын дамытуға қатысты бірқатар нақты міндетті тапсырды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде сыртқы саясат бойынша да ауқымды жұмыс атқарды. Солардың арасынан сіз қайсысын атап айтар едіңіз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізу және қазақстандық дипломатияның экономикалық құрамдас бөлігін күшейтуді негізгі бағыт ретінде белгілеген еді. Осы міндеттерді жалғастыру Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы қызметінің негізгі ұстанымы десек болады.
Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы шетелдерге 14 рет, оның ішінде 3 мемлекеттік және 3 ресми сапарға шығып, 12 халықаралық форумға, саммиттер мен конференцияларға қатысты.
Айтулы оқиға ретінде Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына, Қытай Халық Республикасына сапарларын, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуін атап өтуге болады. Осылайша, әлемнің жетекші державаларының көшбасшыларымен байланыс орнатты.
Біз үшін Орталық Азия елдерімен өзара тиімді достық қарым-қатынас құру негізгі басымдық болып қала береді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына сапарлары үлкен маңызға ие болды.
Сонымен қатар Президент Германияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиттерінің жұмысына қатысты.
Қазақстанға өткен жылы ресми және мемлекеттік сапарлармен 13 шет мемлекеттің басшылары мен үкіметтерінің жетекшілері келді. Олардың арасында Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның, Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тусктің, Швейцария Президенті Ули Маурердің, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың сапарларын атап өту қажет.
– Президент Әкімшілігі немесе Президенттің баспасөз қызметі бір жылдыққа арналған іс-шаралар өткізе ме?
– Әрине, 12 айдың ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Осы жыл елімізді дамудың жаңа белесіне шығаруға, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді белсенді, жігерлі түрде іске асыруға арналған уақыт болды.
Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметінің бір жылдығын Төтенше жағдай кезінде қарсы алып отырмыз. Қазір мемлекеттің барлық күші әлемдік экономика мен қаржы жүйесін тұралатып жатқан коронавирус пандемиясы мен катаклизмнің жағымсыз салдарын еңсеруге бағытталғаны белгілі.
Осындай келеңсіз жағдайларға қарамастан, экономика мен әлеуметтік саладағы белгіленген басымдықтардың барлығы өз күшінде қалады. Мемлекет халық алдындағы барлық міндеттемесін толық көлемде орындайды. Бұл – Президент қойып отырған басты міндет және оны орындау үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы уақытпен санаспай жұмыс істеуде.
Алайда бүгінгі жағдайда қандай да бір салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру орынсыз. Бізге мемлекет игілігі үшін, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек ету қажет.
Сонымен қатар жыл ішінде атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері, сұхбаттары мен мақалаларының жинағын шығарды. Төрт томнан тұратын кітап «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталады.
Бірінші томға Президенттің жалпыұлттық іс-шараларда жасаған баяндамалары, екінші томға өңірлерге сапар барысында сөйлеген сөздері, үшінші томға сыртқы саяси кездесулердегі сөздері, төртінші томға отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында берген сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған. Осы арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет тізгінін қолына алғаннан кейінгі бір жылда атқарған жұмысына шолу жасауға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әлихан ИСМАН