Әлеуметтік желі және бірқатар сайттарда Қазақстан Халық банкінің банкоматтары қытай тілінде қызмет көрсетуді бастады деген ақпаратқа банк өз тарапынан келесідей жауап береді.
Халық банктің клиенттері China UnionPay қытайдың халықаралық төлем жүйесінің карталарын қолдануына байланысты, атаулы төлем жүйесі шығарған карталар арқылы банкоматтарда қолма-қол ақша қаражатын алу транзакциясы жиі жүргізілу есебінен, тек клиенттерге ыңғайлы болу мақсатында қосымша қытай тілі енгізілген. Банк банкоматтары қытай тілінде 2006 жылдан бастап қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда банктің кез келген клиенті банкоматта өзіне ыңғайлы 4 тілдің бірін таңдап қызметті тұтына алады. Атап айтсақ:
1. Қазақ тілінде
2. Орыс тілінде
3. Ағылшын тілінде
4. Қытай тілінде
2018 жылғы маусым айының 22 жұлдызында, яғни бүгін, таңғы сағат 8 шамасында Өтеген батыр 82А мекенжайында орналасқан банк банкоматында, клиенттің қазақ тілін таңдау барысында өкінішке орай техникалық ақаулар орын алып, автоматты түрде қытай тілінің таңдалуы жайында әлеуметтік желідегі банктің ресми парақшасына шағым келіп түскен болатын. Орын алған олқылық тиісті бөлімге шұғыл жолданып, толықтай бұл мәселе түзетілді. Қазіргі уақытта меңзеген банкомат еш ақаусыз қалыпты түрде қызмет атқаруда.
Сондай-ақ, атаулы жағдай тек бір ғана банкоматта байқалғанын айта кетейік және алдағы уақытта осы сынды келеңсіздікті болдырмау мақсатында еліміздің барлық өңірінде орналасқан банкоматтарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.