Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлердің тәртіпсіздігіне байланысты УЕФА-ға айыппұл төлейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"УЕФА Ұлттар Лигасының аясында өткен Қазақстан - Словакия ойынында біздің жанкүйерлер ҚФФ тарапынан қоғамдық тәртіп пен жарыс ережелерін сақтауға қатысты айтқан үндеулеріне қарамастан, трибунадан жасыл алаңға әртүрлі заттар лақтырды.
Бұл әркеттер матч делегатының есебіне тіркеліп, УЕФА тәртіптік-бақылау және әдеп инстациясының жиынында қаралды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясына 11 625 еуро айыппұл салынды.
Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлік мәдениетті танытып, ойынға қатысушылар мен ұйымдастырушыларды, сонымен қатар стадиондағы өзге де жанкүйерлерді құрметтеуге шақырады" - делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған санкция Федерацияға қатысты осы маусымда екінші рет қолданылып отыр. Егер мұндай жағдайлар жалғасатын болса, онда УЕФА тарапынан "жанкүйерлерді ойынға қатыстырмау" сынды қатаң жазалар қолданылуы ықтимал.