09 сәу, 2024 сағат 13:40

Кез келген нәрсеге әншілерді қосып, ғайбаттаудың қажеті жоқ — Сәкен Майғазиев


"Музарт" тобының әншісі Сәкен Майғазиев әріптестерін айыптаған қалың көпшілікке жауап берді.

Өнер иесі судан зардап шеккен халыққа әріптестерімен бірге қаржылай көмек көрсеткенін айтты.

"Жүрегімізбен, жанымызбен сіздермен біргеміз. "Қасымызда болыңдар" десеңіздер, баруға дайынбыз. Әншілер шамасы келгенше қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жағдайы барлар миллион теңгеден, жағдайы жоқтар кем дегенде 100 мың теңгеден аударды. Айту керек болса, осыны да айтайық. Дұрысынан түсініңіздер. "Болмайтын адам өнбейтін істі даулайды" деген сөз бар, болмайтын сөзді айта бермейік. Бәріңізді құшақтадым", - деді ол.


Сондай-ақ, әнші қай жағдайда эстрада жұлдыздары ұйымшылдық танытатынын атап өтті.

"Су алып жатқан жерлердің баршасына шамамыздың келгенінше біз де үлесімізді қосып жатырмыз. "Қарға өшін тырнадан алыпты" демекші, кез келген нәрсеге әншілерді, өнер адамдарын қосып, ғайбаттаудың қажеті жоқ. Арыстағы жағдай болсын, Мақтааралды су басқанда да, басқа да жағдайларда басы-қасынан табылдық. Өте ұйымшылмыз, бір-біріміздің сөзімізді сөйлеп, сойылымызды соғуға дайынбыз. Қаншама қайырымдылық қорлары жұмыс істеп жатыр. Көмек көрсетіліп жатыр", - деді өнер иесі.